Барлық өндіріс орындарының инновациялық қызметі мен технологиялық даму жағдайына кешенді түгендеу жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 3 күндік мерзімде саланы ведомствоаралық үйлестіру және технологиялық басымдықтарды әзірлеу үшін Үкімет жанынан инновациялық штаб құруы қажет. Премьер-министрдің орынбасары төрағалық ететін Штаб бастапқы идеядан өнім шығаруға дейінгі өндірістік кезең бойына инновациялық экожүйенің барлық қатысушыларының күшін жұмылдыруды қамамасыз етуге тиіс. Штабқа Аида Ғалымқызы Балаева (Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі) басшылық ететін болады. Кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін ынталандыру үшін осы жылдың 1 маусымына дейін барлық өндіріс орнының инновациялық қызметі мен технологиялық даму жағдайына кешенді түрде түгендеу жүргізу керек, - деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Ғылым министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 маусымына дейін нақты басым салалар мен технологияларға назар аудара отырып, инновацияларды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.
Ғылым және Жасанды интеллект министрліктері салалық министрліктермен және әкімдіктермен бірлесіп, 1 шілдеге дейін инновациялық жобаларды тіркеп, қолдау көрсетуге және мониторинг жүргізуге арналған «бірыңғай терезе» жұмысын қамтамасыз ететін цифрлық платформаны іске қоссын. Сонымен қатар әзірлеушілер, технологиялар және әлеуетті инвесторлар туралы мәліметтерді қамтитын инновациялық жобалардың жалпыға қолжетімді ұлттық тізілімін құру қажет, - деді Премьер-министр.