Әзілкеш Қанат Әлжаппаров сахнада Тұрсынбек Қабатов туралы сөз қозғап, жұбайы Нұргүлдің өзіне айтқан кеңесін қалжыңмен жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлеуметтік желіде тараған концерт үзіндісінде өнер иесі Тұрсынбекті өнердегі және өмірдегі ұстазы деп атағанда, келіншегінің бұған қандай жауап бергенін баяндаған.
"Тұрсынбек Қабатовты өнердегі, өмірдегі ұстазым десем, келіншегім айтады: "Өмірдегі деп айтпашы сен оны. Өнердегі ғана ұстазың болсын, өмірде саған сабақ бермесін. Өмірде бірдеңеге миың жетпей жатса, мен-ақ көмектесейін саған", – деді ғой Нұргүл. “Ешкімнен ақыл сұрамашы сен. Астанаға бармашы", – деді ғой", – дейді Қанат видеода.
Айта кетейік, бұған дейін Malim.kz Мөлдір Мұқанның бұрынғы жұбайы Тұрсынбек Қабатовтың әзілдеріне қатысты ренішін жариялаған еді. Мөлдір әлеуметтік желідегі оқырман пікіріне жауап беріп, өзінің ұзақ жыл бойы әзілкештің сахналық әңгімелеріне арқау болғанын айтқан. Ол Тұрсынбектің көрермен алдында кешірім сұрауы керек деген пікір білдірген. Алайда жазбасында нақты қай әзілдерді меңзегенін көрсетпеген.
Қанат Әлжаппаров кім?
Қанат Әлжаппаров — қазақстандық әзілкеш, "Базар жоқ" әзіл-сықақ театры арқылы көпшілікке танылған өнер иесі. Ол жас кезінен көңілді тапқырлар ойындарына қатысып, кейін кәсіби әзіл сахнасындағы жолын жалғастырған. Репертуарында ауыл тіршілігі, отбасылық қарым-қатынас пен күнделікті өмірде кездесетін қызықты жағдайлар қамтылады.
Оның жеке орындауындағы әзілдері телевизиялық жобаларда да көрсетілген. Мәселен, "Қазақстан" телеарнасының "Әзіл әлемі" жобасында шетелдегі демалыс туралы сахналық нөмірі жарияланған.
Өнер иесінің жұбайы — Нұргүл Құдайбергенова. Екеуі Қызылордадағы дәмханалардың бірінде танысқан. Нұргүл "Отбасылық контент" бағдарламасында Қанатты таныспай тұрып-ақ КВН жазбаларынан көріп, өнерін ұнатқанын әңгімелеген.
Қанат сұхбаттарының бірінде жары туралы әзілдерді сахнада айтпас бұрын өзіне ескертетінін жеткізген. Сол әңгімесінде Нұргүлдің өзін әлі танымал болмай тұрған кезінде қолдағанына ризашылығын білдірген.