2 желтоқсан күні кешке Кремльде Ресей мен АҚШ өкілдері Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеуге арналған келіссөздер жүргізді.
«Коммерсант» дерегінше, кездесу шамамен бес сағатқа созылып, 3 желтоқсанда, Мәскеу уақытымен 00:30-да аяқталған.
Ресей тарапынан келіссөзге – президент Владимир Путин, оның көмекшісі Юрий Ушаков және президенттің арнайы өкілі, РФ тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев қатысты.
АҚШ делегациясын Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнер бастап келген.
Кездесу барысында Америка тарапы Путинге Вашингтонның бейбіт жоспарын таныстырды. Бұл жоспар АҚШ делегациясы Украинамен жүргізген келіссөздерден кейін жаңартылған.
РИА Новости хабарлауынша, келіссөзден кейін Стив Уиткофф АҚШ елшілігіне барған, бірақ журналистерге түсініктеме беруден бас тартқан. Ал Кирилл Дмитриев әлеуметтік желідегі жазбасында кездесуді «өнімді» деп бағалады.
Ресей ақпарат құралдары Юрий Ушаковтың журналистер алдында түсініктеме береді деп күтуде.