Оңтүстік Африка Республикасында Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресей армиясына жалданған және жалданушыларды жинаумен айналысты деген күдікпен 5 адам ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz ВВС-ге сілтеме жасап.
Полиция мәліметіне сәйкес, олар ОАР азаматтарын Ресей армиясына тарту фактілері бойынша жүргізіліп жатқан тергеу аясында қолға түскен. Сонымен қатар полиция бұрынғы президент Джейкоб Зуманың қызы Дудузиле Зума-Самбудланың да осы іске қатысы бар-жоғын зерттеп жатыр.
Осы уақытта Кенияда соңғы күндері Ресей жағында соғысқа қатысып, қаза тапқан екі жас жігіт туралы ақпарат шықты. Жақындарының айтуынша, оларды алдап, жалдамалы ретінде соғысқа алып кеткен.
Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, Йоханнесбургте дүйсенбі күні сот алдына келген бес адамның ішінде SAfm радиосының жүргізушісі және БРИКС журналистер қауымдастығының тең төрайымы, 39 жастағы Нонкулулеко Мантула бар. Қалған төртеуі 21-ден 47 жасқа дейінгі ер адамдар.
ОАР прокуратурасы олардың барлығы Йоханнесбург әуежайында ұсталғанын, олар Біріккен Араб Әмірліктері арқылы Ресейге ұшпақ болғанын мәлімдеді.
Прокуратура Мантула төрт күдіктіні Ресей армиясына жалдауға және олардың Ресейге ұшуын ұйымдастыруға «көмектесті» деп санайды.
Дүйсенбіде магистрат соты бұл іске қатысты бұлтартпау шарасын белгілеуі тиіс еді, алайда отырыс 8 желтоқсанға шегерілді. Сол уақытқа дейін күдіктілер қамауда қалатын болды.
Бұған дейін бұрынғы президент Джейкоб Зума негізін қалаған MK партиясының бірнеше өкілі оларды Зуманың қызы — парламент депутаты Дудузиле Зума-Самбудла және тағы екі адам алдап, Ресей армиясына жалдағанын мәлімдеген. Айтуларынша, оларды шілдеде Ресейге әскерилендірілген дайындықтан өтесіңдер деп жіберген, бірақ барған соң қолданыстағы армияда қызмет ету туралы келісімшартқа қол қойдыруға мәжбүрлеген.