Malim.kz
Әлем

Оңтүстік Корея президенті Солтүстік Кореямен бейбіт, бірге өмір сүруге шақырды

Айгүл Таңатар
https://russian.korea.net/

Оңтүстік Корея президенті Ли Джэ Мён Солтүстік Кореямен келіссөз бастап, Корей түбегіндегі соғыс жағдайын ресми түрде аяқтауға шақырды. Ол 1953 жылы жасалған бітім келісімін тұрақты бейбітшілік тәртібіне ауыстыруды ұсынды.

Президент бұл туралы 15 тамызда Сеулде өткен Кореяның Жапония отарлығынан азат етілуінің 81 жылдығына арналған салтанатты жиында айтты.

Ли Джэ Мён екі Кореяның бір-біріне қауіп төндіру ниетінен бас тартып, «ұзаққа созылған соғысты аяқтау үшін» келіссөз бастауға шақырды. Оның айтуынша, мұндай келіссөздер барысында Солтүстік Кореяның ядролық мүмкіндіктерін одан әрі арттыруды тоқтатудың тиімді жолдарын да талқылауға болады.

Президенттің ұсынысы бойынша бейбітшілік мәселесі тек Сеул мен Пхеньян арасындағы диалогпен шектелмеуі мүмкін. Ли Джэ Мён Оңтүстік Корея, Солтүстік Корея және АҚШ арасында, қажет болса Қытайдың қатысуымен келіссөз жүргізу идеясын алға тартты. Оның мақсаты – Корей түбегіндегі тұрақсыз бітім жағдайын ұзақ мерзімді бейбітшілік режиміне айналдыру.

Ли Джэ Мён өткен жылғы сөзінде Солтүстік Кореяның саяси жүйесін құрметтейтінін, КХДР-ды күшпен біріктіруге ұмтылмайтынын және Пхеньянға қарсы дұшпандық әрекеттерден бас тартатынын мәлімдеген еді. Биыл ол осы ұстанымдарды нақты дипломатиялық қадамдарға айналдыру қажет екенін айтты.

Алайда Пхеньян әзірге Сеулдің жаңа ұсынысына жауап берген жоқ. Солтүстік Корея соңғы уақытта Оңтүстік Кореяны дұшпан мемлекет ретінде қарастырып, әскери әлеуетін күшейтуге басымдық беріп келеді. Сонымен бірге Пхеньян АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларына наразылық білдірді.

Екі Корея арасындағы соғыс 1950-1953 жылдары болған. 1953 жылы тараптар бітімге келгенімен, толыққанды бейбітшілік туралы келісімге қол қойылған жоқ. Сондықтан техникалық тұрғыдан екі ел әлі де соғыс жағдайын тоқтататын түпкілікті келісімге келген жоқ. Ли Джэ Мённің қазіргі ұсынысының мәні де – осы бітім режимін тұрақты бейбітшілік жүйесімен алмастыру.

17 тамыздағы жағдай бойынша Солтүстік Корея президент Ли Джэ Мённің келіссөз өткізу жөніндегі ұсынысына ресми жауап берген жоқ. Пхеньянның Ресеймен байланысын күшейтіп, әскери бағдарламаларын жалғастырып отырғаны да Корей түбегіндегі ахуалдың күрделі күйінде қалып отырғанын көрсетеді.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары