Malim.kz
Қоғам

Оқушылар жазғы демалыста қандай жұмыс істей алады?

Айбын Атабай
Ғаламтордан

Қазақстандық оқушыларға enbek.kz платформасы арқылы ресми және қауіпсіз жұмыс іздеуге жағдай жасалды.

Қазақстанда оқушыларды жұмыспен қамту және кәсіптік бағдарлануын қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Ол электрондық enbek.kz еңбек биржасы платформасында өткен жылдан бастап «Менің жазғы демалысым» деп аталатын арнайы бөлім іске қосылғанын атап өтті.

«Бұл оқушыларға 14 жастан бастап платформада тіркеліп, жеке кабинет құрып, түйіндеме орналастыру арқылы өз бетінше қолайлы жұмыс іздеуге мүмкіндік береді. Осы ретте, 16 жасқа дейінгі оқушылар үшін жеке кабинетті тіркеуді және құруды заңды өкілдер жүзеге асырады»,— деп түсіндірді Асқарбек Ертаев.

Платформа ресми түрде қауіпсіз жұмыс іздеуді және міндетті еңбек шарттарын жасасуды қамтамасыз етеді. 2026 жылдың басынан бастап «Менің жазғы демалысым» платформасы арқылы 1 024 оқушы, ал 2025 жылы 4 552 оқушы жұмысқа орналастырылды.

Жалпы, өткен жылдан бері белсенді шаралармен 8,5 мыңнан астам оқушы қамтылды. Олардың едәуір бөлігі қоғамдық жұмыстарға орналастырылған, өйткені оған қатысу кезінде білім қажет етілмейді. Биыл жұмысқа орналастыру оқу процесі аяқталғаннан кейін басталады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары