Францияда орман өрттерінің шығуына себеп болуы мүмкін қасақана немесе абайсыз әрекеттерге байланысты 420 адам ұсталған. Олардың 166-сы - кәмелетке толмағандар.
BBC Франция Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлағандай, ұсталғандардың арасында өрт қоюға күдіктілер де бар.
Елдің оңтүстік-шығысындағы Вар департаментінде 23 жастағы ер адам бес күн ішінде 10 ғимаратты қасақана өртеді деген күдікке ілінген. Кінәсі дәлелденсе, оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 150 мың еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Вогезы департаментіндегі Раон-л'Этап ауданында үш орманды өртеген ер адам үш жылға сотталған. Өрт бірнеше шаршы метр өсімдік жамылғысын жойған.
Алайда жүздеген адамның ұсталуына байланысты адвокаттар арасында сын да айтылды. Адвокат Мюриэль Гестас мұндай көлемдегі ұстаулар шамадан тыс екенін айтып, күдіктілердің барлығы сотта кінәлі деп танылмауы мүмкін екенін жеткізді.
Өртке байланысты істердің арасында абайсыздыққа қатысты жағдайлар да бар. Мәселен, үйсіз адам мен ауыр аутизмге шалдыққан азамат тасталған темекі тұқылына байланысты жауапқа тартылған.