Malim.kz
Қоғам

Өрттен қаза болған 12 адамды жерлеуге көмек беріледі

Айбын Атабай
Түркістан облысы әкімдігі

Облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Сонымен бірге марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толықтай қолдау жасалады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына шұғыл барып, өрттен қайтыс болған отбасының жақындарына көңіл айтты.

Оқиға болған үйді көріп, құзырлы орган басшылары мен жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Аудандық ауруханаға барып, өрттен аман қалған тұрғындардың жай-күйімен танысты.

Өңір басшысы Президент тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылғанын, зардап шеккендерге тиісті көмектер берілетінін жеткізді.

 Бүгін таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды. 

Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенге дейін тұрғын үй толықтай өртке оранған.

Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда барлығы 12 адамның денесі табылды.

Көршілердің айтуынша, алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған. Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.

Президенттің тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды.

Өрт фактісі бойынша «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Өрттен кейін медициналық мекемелерге үш адам — екі ересек және бір бала жеткізілді. Ведомство ақпаратына сәйкес, қазір барлығы реанимация бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары