Malim.kz
Қоғам

"Өшіріп тастаймын": Алтынбек Қоразбаев танымал жас әншілерге өткір баға берді

• Мадияр Қапанбек
Алтынбек Қоразбаев. Фото: instagram.com/altynbek.korazbaev (Фото ЖИ арқылы өңделген)

Белгілі әнші әрі композитор Алтынбек Қоразбаев қазіргі жастар арасында кең тараған бірнеше әнді тыңдап, әрқайсысына өз бағасын берді. Өнер иесі пікірін "Кешкі Алматы" ойын-сауық бағдарламасында білдірген, деп хабарлайды Malim.kz.

Алдымен композиторға Alem орындайтын "Күйім" әні ұсынылды. Қоразбаев туындының мәтініне көңілі толмағанын ашық айтты.

"Мынаның сөзі сөз емес қой, тегі. Мен мұндай әнді радиодан естіп қалсам, өшіріп тастаймын. Мен әннің сөзіне мән беріп тыңдаймын. Әннің сөзі мен әуені қатар жүруі керек", – деді ол.

Алтынбек Қоразбаев бұл туындыға 2 деген баға қойды.

Келесі кезекте Садраддиннің "Melodrama" әні тыңдалды. Бұл шығарма композитордың көңілінен шыққан.

"Маған ұнайды", – деді әнші.

Одан кейін Алтынбек Қоразбаев Yenlik-тің "Мейлі" әніне баға берді. Композитор туындыны жоғары бағалағанымен, рэп жанрының қазақ музыкасына қаншалықты жақын екеніне қатысты пікірін де білдірді.

"Бұл әнге бес деген баға қояйын. Бірақ бұл қазақы ән емес. Өйткені рэп әзірге қазақтың қанына сіңбей жатыр", – деді ол.

Сондай-ақ бағдарлама барысында Kalifarniya-ның "Hello" әні де тыңдалды. Алтынбек Қоразбаев бұл туындыдан ұлттық нақышты байқай алмағанын айтты.

"Қазақы иіс көріп тұрған жоқпын", – деп әнге 3 деген баға қойды.

Бұған дейін лтынбек Қоразбаев марқұм Асанәлі Әшімовпен арадағы ерекше қарым-қатынасы туралы айтып, өнер иесіне арнап жазған "Жан балам" әнінің тарихын еске алған еді.

Алтынбек Қоразбаев кім?

Алтынбек Қоразбаев – қазақ музыка өнерінің белгілі өкілі, әнші әрі композитор. Ол 1948 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.

Өнер иесі ұзақ жылдар бойы қазақ эстрадасы мен дәстүрлі ән өнерінің дамуына үлес қосып келеді. Оның шығармашылығында лирикалық, отбасылық және ұлттық тақырыптағы әндер ерекше орын алады.

Алтынбек Қоразбаевтың кеңінен танылған туындыларының қатарында "Әгугай, домбыра", "Қара кемпір", "Үшқоңыр" секілді әндер аталады. Оның бірқатар шығармасын қазақстандық танымал әншілер орындаған.

Композитордың өнердегі еңбегі мемлекет тарапынан да бағаланған. Ол Қазақстанның халық әртісі және Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған.

Бүгінде Алтынбек Қоразбаев қазақ музыкасының аға буын өкілдерінің бірі ретінде шығармашылық және қоғамдық өмірге белсенді араласып келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары