1 наурыз күні Өскемендегі Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл маңызды оқиға ел бірлігі мен этносаралық ынтымақтастықтың символына айналып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау жолындағы тағы бір айшықты белес болды.
Сіздердің ұлтаралық диалогты дамытуға, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлестеріңіз орасан. Жүргізіп отырған қызметтеріңіз халықты бір мақсатқа ұйыстырып, достық пен ынтымақтың берік іргетасын қалауға септігін тигізуде. Бүгін, Алғыс айту күні қарсаңында, сіздерге ел бірлігі жолындағы адал еңбектеріңіз бен патриоттық ұстанымдарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Салтанатты жиын барысында облыс әкімі этносаралық татулық пен ынтымақтастықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен өңір белсенділерін марапаттап, оларға алғыс хаттар табыстады.
Шығыс Қазақстан облыстық Ассамблеясы түрлі мәдени, білім беру және әлеуметтік жобаларды белсенді жүзеге асырып келеді.
Достық үйлерінде дәстүрлі түрде жұмыс істейтін тіл мектептерімен қатар, өткен жылы қосымша 25 «Кел, сөйлесейік» қазақ тілі клубы ашылды. Қазіргі таңда аудандарда әртүрлі жастағы азаматтарға арналған 74 Мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұмыс істеп тұр, ал биыл олардың санын 100-ге жеткізу жоспарланған.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің бастамасымен Өскеменде Достық үйінің маңында «Достық» Арбаты ашылады. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай, облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, Достық үйінде заманауи «Комьюнити залы» пайдалануға берілмек.
Фото: Саят Ыбраев