Өскемен қаласындағы этносаябақта «Таза Қала – Таза болашақ» атты экологиялық акция ұйымдастырылып, оған 200-ден астам жас пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Іс-шара елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өткізілді.
Акцияның басты мақсаты – қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыру, жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыру. Соңғы жылдары өңірде экологиялық бастамаларға жастардың қызығушылығы артып, олардың қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуы жақсы үрдіске айналып келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек аумақтарды тазартумен шектелмей, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға және табиғатқа жанашырлық көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.
Өскемен қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкері Нұрзат Сембаеваның айтуынша, акцияның негізгі міндеті – «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері мен қала тұрғындарын ортақ мақсатқа біріктіріп, тазалық мәдениетін кеңінен насихаттау.
– Бүгінгі сенбілікке 200-ден астам адам қатысып отыр. «Жасыл ел» бағдарламасы аясында қалаға 150-ден астам квота бөлініп, жастар үш ай бойы кезең-кезеңімен еңбекке тартылуда. Бұл бастама олардың азаматтық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Шара барысында этносаябақ аумағында тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар қоқыс жинап, қоғамдық кеңістіктің көркін жақсартуға өз үлестерін қосты.
Қоғамдық ұйым өкілі Шынар Боранғалиева мұндай бастамалардың қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
– «Таза Қазақстан» жобасы нақты әрекетке негізделген маңызды бастама. Осындай шаралар адамдардың табиғатқа және қоғамдық кеңістікке деген жауапкершілігін арттырады, – деді ол.
«Таза Қала – Таза болашақ» акциясы жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қоғамның қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді қатысуына жол ашады. Сенбілік қорытындысында этносаябақ аумағы ретке келтіріліп, тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға үлес қосылды.