Malim.kz
Қоғам

Отардағы сарбаз ісі: сержант видеоүндеу жасап, өз нұсқасын айтты

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Отардағы әскери бөлімде жағы сынған сарбазға қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желіде әскери бөлімде қызмет етіп жүрген қатардағы жауынгердің жақ сүйегі сынып, ауруханаға түскені туралы ақпарат тараған еді. Сарбаздың айтуынша, әскерден қайтуына төрт ай қалғанда оны сержанттар темір затпен ұрып, жарақаттаған. Анасы бұл жағдайды біраз уақыт өткен соң естіп, ұлын әскери бөлімнен емес, жеке пәтерден тапқанын айтқан.

Алайда бүгін аталған іске қатысты сержанттардың бірі видеоүндеу жариялап, өз нұсқасын жеткізді.

«Мен сарбазды ұрған жоқпын. Оқиға екі қатардағы жауынгердің арасында болған. Сол күні кезекшілікті тапсырып, үйге қайтқанмын. Мұны бейнебақылау камералары дәлелдей алады», – деді Айдын Сайранұлы.

Ал төбелеске қатысы бар делінген екінші сарбаздың анасы оқиға туралы ести сала Қызылордадан Отарға келгенін айтты. Оның сөзінше, бөлімшеге барған кезде ұлын сол жерден таба алмаған.

«Келген бойда әскери бөлімге барып, баламды іздедім. Ол жерде жоқ болды. Екінші баланы анасы пәтерден тапқан. Сонда біз балаларымызды әскерге сотталып, соққы көру үшін жіберіп жатырмыз ба?» – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысындағы Гвардейск гарнизонында орналасқан әскери бөлімде сарбазға күш қолданылып, оның жақ сүйегі сынғаны хабарланған болатын.

Сонымен қатар Отардағы әскери бөлімде ауыр жарақат алған сарбаздың әпкесі әлеуметтік желіде ресми мәлімдеме жасаған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары