Malim.kz
Қоғам

"Өз еркімен келген": Марқұм Нұрай туралы жұмысынан қуылған полицей өз шындығын айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Arasha.kz коллажы

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты істен кейін қызметінен босатылған полиция офицері Әбілғазы оқиғаға дейінгі жағдайлар жөнінде өз ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, барлық әрекеті заң талаптарына сай болғанымен, қоғамдық резонанс салдарынан өзі және бірқатар басшылық құрам жұмыстан шығарылған, деп хабарлайды Malim.kz.

Заңгер Айгүл Орынбекке берген сұхбатында Әбілғазы Нұрай жоғалған күні шақырту бойынша қыз бен оның танысы Шерхан болған үйге барғанын мәлімдеді.

"Мен оларды РОВД-ға жеткіздім. Екеуін де бірге және жеке-жеке сұрастырдым. Қыздың оған өз еркімен барғанын екеуі де растады. Кейін бұл жайтты Нұрай мен жазып алған видеода да қайталады", – деді ол.

Әбілғазының сөзінше, жағдайды анық көрсету үшін аталған видеоны Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі арқылы жариялауды ұсынған. Алайда бұл ұсынысқа себепсіз бас тартылған. Видеода Нұрай 2025 жылдың 4 қазанында шамамен сағат 21:00-де үш айдай қарым-қатынаста болған Шерханмен бірге Алматыдан Шымкентке жолға шыққанын айтады.

Экс-полицейдің айтуынша, қызметтен босатылғаны туралы хабарды анасы ауыр қабылдап, көп ұзамай өмірден өткен. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа "әділдікті қалпына келтіруді" сұрап жүгінгенін жеткізді.

Нұрай Серікбай ісі

Нұрай Серікбайға қатысты іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. 11 қаңтар күні Шымкентте 21 жастағы қыз танысының қолынан қаза тапты, күдікті кейін ұсталды. Марқұмның туыстары трагедияға дейін ер адамның Нұрайды күштеп алып қашып, некеге мәжбүрлемек болғанын айтады. Алайда сол кезде полиция қылмыстық іс қозғамаған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары