Malim.kz
Әлем

Пашинян: Армения ҰҚШҰ-ға қайта оралмайды

Арман Қайыпхан
Армения парламенті

Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы (ҰҚШҰ) жұмысын қайта жандандыруды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинян парламентте мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Пашинянның айтуынша, Ереван алдағы бес жылда ҰҚШҰ жұмысына қайта қатыспайды. Ол тіпті ұйым Арменияны мүшеліктен шығарса, бұған қуанатынын айтты.

Армения ҰҚШҰ-дағы қатысуын 2024 жылы тоқтатқанымен, әлі де ұйымның ресми мүшесі болып саналады. Қазір Арменияны ұйым құрамынан шығару мәселесі де талқыланып жатыр.

Кремль Армения ҰҚШҰ құрамында қалғысы келмесе, ұйымнан өз еркімен шыға алатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Ереван Еуропалық одақпен жақындасу бағытын жалғастырып келеді. Никол Пашинян жақын арада Арменияның ЕО-ға мүшелікке өтініш беру процесін бастайтынын хабарлады. Кейін бұл мәселені референдумға шығару жоспарланған.

2025 жылғы наурызда Армения парламенті елдің Еуропалық одаққа қосылу бағытын мақұлдаған болатын. Алайда Армения әзірге Еуразиялық экономикалық одақтың да мүшесі болып отыр.

Бұған дейін Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан басшылары Арменияның алдағы бағытын референдум арқылы айқындауды ұсынған. Пашинян референдумды Еуропалық одаққа ресми өтініш бергеннен кейін өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары