Malim.kz
Қоғам

"Пәтер жалдап тұрады... Жүрегім қарс айырылды": Дана Нұржігіт актриса Меруерт Өтекешова туралы сұмдық жайтты айтты (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
kznews.kz коллажы. Суретте: Меруерт Өтекешова мен Дана Нұржігіт

Тележүргізуші Дана Нұржігіт актриса Меруерт Өтекешованың Майя Бекбаеваға берген сұхбатына қатысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Журналист сұхбатты көргеннен кейінгі әсерін жасырмай, өнер иесінің қазіргі жағдайы жүрегіне ауыр тигенін айтты.

"Меруерт Өтекешова – Қыз Жібектің Майяға берген сұқбатын көріп, жүрегім қарс айырылды! Интеллигенция туралы айтқан сөзім Меруерттей апамыз сияқты адамдар туралы! Жаным, апам-ау! Сұлу келбет, нәзік болмысыңызға Аллам қаншама асыл қасиетті үйіп берсе, сынақты да аямай төккен екен-ау! Меруерт апамыздың қарапайым тіршілік кешіп жүргенін іштей сезетінмін.Бірақ үй ішімен Астанада пәтер жалдап тұратыны үш ұйықтасам, түсіме кірмейтін, ақылға сыймайтын әділетсіздік. Бұл сұхбат болмаса, ол айтпас та еді-ау, айналайын! Сондықтан Баян Алагөзова ай сайын жасаймын деген қаржылай көмегі бұл мәселенің бергі жағы ғана екен!", – деп жазды Дана Нұржігіт.

Сонымен қатар Дана Нұржігіт актрисаның қазақ өнеріне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ол "Қыз Жібек" фильмін сақтап қалудағы еңбегін жоғары бағалады.

"Горбочевтың заманында қор ашып, бір тиынын шашпай "Қыз Жібек" фильмін Мәскеудегі "Белые столбы" – "Мосфильм" архивінен қайта жаздыртып, пойызбен алып келіп, үйінде сақтап, елге жеткізген ерлігін айтсаңызшы! Ал Астанада жас жұбайлар отбасылық өмірді әдемі рәсіммен бастайтын Қыз Жібек пен Төлегенге қойылуы тиіс ескерткіш туралы идеясы қандай тамаша! "Мен бәрін жеңемін, өткеремін, бәрі жақсы болады!" деген қайсарлығыңыз өзіңізге деген аса үлкен сенімнен емес, өзіңізден басқа сенеріңіз жоқтан ғой, апау, асылым! Басқа шара жоқ!

Меруерт Өтекешова биыл 75-ке толды. Менің анаммен жасты. Жер-жерлерде тойын тойлап, өнер адамдары қолынан келгенше атап өтіп, құрметтеп жатыр. Бірақ ең үлкен құрмет – Қыз Жібегіміздің Ақ Отауын Хан түсетін Ақ шаңқайлы үй ету! Меруерт Қаратайқызының жағдайын жасау, барынша көмектесу. Бұл ұрпақ барға – қанағат, жоққа – шүкір деп өскен жанкешті ұрпақ. Жанына батып жатса да, үн қатып, алақан жаймайды, арланады. "Менен де жағдайы нашарлар бар ғой" дейді. Былтыр 80 жасқа толған Сауық Жақанова апайымыз екі құлағын радиоға беріп аппаратпен жүр. Бар өтінгені: "Ауруханаға тіркелсем, емделуге қыруар ақша керек" деп шет жағасын айтты. Әрі-бері жүгіріп едім, қолымнан келмеді! Жерге кіріп кете жаздадым. Қайтейін! Ал "Қазақфильмге" келсек, 90-жылдары "Хабарда" арнайы репортаж жасаған едім. Қаңыраған павильондар, тон-студиялар, жылу, жарық атымен жоқ... Кезектен тыс кинематографистер съезі болды. Продюсерлік кино туралы дау есімде қалды. Макс Смағұлов режиссер,продюсер, бір кездері одақ басшысы мінберде тұр. Қалған әсер – ауызбірішілік жоқ, болмайды да! Әлі де солай-ау..." – деп түйіндеді Дана Нұржігіт.

Бұған дейін Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков арасындағы романтикалық кездесулер көбіне таңертеңгі құймақханада өткенін жазған едік.

Меруерт Өтекешова – қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы

Меруерт Қаратайқызы Өтекешова – қазақ киносы мен театрының көрнекті өкілі, талантты актриса. Ол 1951 жылы 25 ақпанда Орал қаласында дүниеге келген. Өнерге жақын болып өскен ол жас кезінен сахна мен киноға қызығушылық танытты. 1968 жылы Алматы қаласындағы мектепті тәмамдап, сол жылы-ақ "Қыз Жібек" фильмінің басты рөліне шақырылды. Бұл рөл оның шығармашылық тағдырын айқындап, халыққа кеңінен танылуына жол ашты.

1969-1973 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік мәдениет институтында білім алып, кәсіби актерлік шеберлігін жетілдірді. Ол КСРО халық артисі Хадиша Бөкееваның класында тәлім алған.

Театр сахнасындағы алғашқы рөлі – Шыңғыс Айтматовтың "Ана-Жер-Ана" спектакліндегі Әлиман бейнесі болды. Меруерт Өтекешова кино саласында да көптеген жарқын образдар сомдады. Ол "Ағам менің", "Ұлымның оралуы", "Тентек балалар", "Аждаһа жылы" сияқты фильмдерге түсті. Актриса "Қазақфильм", "Мосфильм" және "Қырғызфильм" студияларында да жұмыс істеген. Оның өнердегі еңбегі жоғары бағаланып, 1982 жылы "Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі" атағына ие болды. Сонымен қатар ол Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Өнер иесі "Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталған.

Меруерт Өтекешева – қазақ киносының жұлдызы Құман Тастанбековтің жары. Бүгінде ол ұлттық өнердің дамуына зор үлес қосқан, көпшілік құрметіне бөленген тұлға ретінде танылып отыр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары