Павлодарда кәсіпорыннан шамамен 25 млн теңге ұрлаған күдікті ұсталды. Ол ұрланған ақшаның 24 млн теңгесін алма ағашының түбіне жасырған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Полицияға Павлодар қаласындағы кәсіпорындардың бірінен ақша қаражатының ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Келтірілген шығын көлемі шамамен 25 млн теңгені құраған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер кәсіпорында күзетші болып жұмыс істеген күдіктінің жеке басын анықтады.
Тергеу барысында оның ұрланған ақшаны жасырып қойған жері белгілі болды. Жедел уәкілдер алма ағашының түбінен 24 млн теңге салынған ыдысты тапты.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктінің әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.