Malim.kz
Қоғам

Павлодарда ChatGPT-ге сырын айтқан оқушының нағашысы 20 жылға сотталды

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Павлодарда алты жасында жыныстық зорлық көргенін бірнеше жыл бойы ешкімге айта алмаған оқушы ChatGPT-ге жүгінген. Чат-боттың кеңесінен кейін қыз психологпен сөйлесіп, оқиға құқық қорғау органдарына жеткен. Сот оның 39 жастағы нағашысын 20 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап, Malim.kz хабарлайды.

Үкім 3 қарашада Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жарияланды. Ер адам кішкентай жиеніне қатысты сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сотта анықталғандай, қылмыс 2020 жылғы наурызда сотталушының әпкесінің пәтерінде болған. Ол кезде қыз алты жаста еді. Сол жылы ер адам Алматы облысына көшіп кеткен. Ал бала қорқыныштан болған жайтты ешкімге айтпаған.

Анасының сөзінше, 2025 жылдың күзінде туысы қызға қоңырау шалып, хабарлама жаза бастағаннан кейін баланың бұрынғы қорқынышы қайта оянған.

"Бауырым үнемі хабарласып, балаларымның жағдайын сұрап тұратын. Олардың сабағын, қызығушылықтарын айтып беретінмін. Қызымның гитара үйреніп жүргенін де айттым. Былтыр күзде оның нөмірін сұрады. Ештеңеден күдіктенбей, бере салдым. Кейін білгенімдей, қызыма қайта-қайта жазып, неге жауап бермейтінін сұраған. Тіпті гитара сатып алып беруге уәде еткен", – дейді оқушының анасы.

Қыз туысының қоңыраулары мен хабарламаларына жауап бермеген. Кейін анасы оның нағашысы қайтып келе ме деп қорыққанын білген.

Бала басынан өткенін және жан күйзелісін ChatGPT-ге жазған. Чат-бот психологтың көмегіне жүгінуге кеңес беріп, көмек көрсететін қызметтердің байланысын ұсынған.

"Қызым алдымен 111 қызметіне қоңырау шалған. Онда оны психологпен байланыстырыпты. Сол маманға менің бауырымның не істегенін айтып берген. Кейін психолог маған хабарласты", – деді анасы.

Сотта қыздың көмек сұрап хабарласқанын байланыс орталығының маманы растаған. Оқушы болған жағдайды құрбысына да айтқан.

Судья Нұрлан Айтбаевтың мәліметінше, сотталушы сотта кінәсін мойындамаған. Алайда сотқа дейінгі тергеу кезінде, қорғалуға құқығы бар куә мәртебесінде берген жауабында жасаған әрекетін мойындаған.

Айыптау актісіндегі тағы екі эпизод Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелмегендіктен, сот оларды айыптау көлемінен алып тастаған. Сондай-ақ сотталушының қамауда өзіне заңсыз тергеу тәсілдері қолданылғаны туралы уәжі расталмаған.

Жаза тағайындағанда ер адамның бұрын сотталмағаны және тұрғылықты жерінен оң мінездеме берілгені ескерілген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Судья қылмыс жасалған кезде қолданыста болған, жауапкершілігі жеңілірек заң редакциясы қолданылғанын түсіндірді. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары