Malim.kz
Денсаулық

Павлодарда мәйіттік донор төрт адамның өмірін ұзартты

Айбын Атабай
Pexels

Павлодарда қайтыс болған донордың ағзаларын науқасттарға салу бойынша бірегей ота жасалды. 

Өңірлік трансплантация жөніндегі үйлестіруші Дмитрий Потеребухтың айтуынша, гемаррагиялық инсульт салдарынан көз жұмған 39 жастағы әйелдің күйеуі мен ұлы донорлыққа келісімдерін берген.

Әйел адам облыстық кардиологиялық орталыққа 22 қаңтар күні түсіп, дәрігерлер оған «бас миының өлуі» диагнозын қойған екен.

— Әрине, марқұмның туыстары үшін шешім қабылдау оңайға соқпағаны анық. Мидың өлуі дегеніміз, ол адамның енді бұ дүниелік емес екенін білдіреді. Күйеуі мен ұлы үшін әйелдің өлімі өте жайсыз хабар болды. Біз оларды жансақтау бөлімшесіне кіргізіп, әйелдің жүрегі соғып жатуына жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылуы және беріліп жатқан препараттар себепші болып отырғанын түсіндірдік, — дейді трансплантолог.

Павлодарға келген дәрігерлік топтың құрамында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының, Ана мен бала орталығының мамандары, University Medical Center (UMC) кардиохирургтері болған. 

Ағза мүшелерін ажырату бойынша ота облыстық кардиологиялық орталықта жүргізілген. Донор-әйелдің жүрегі, екі бүйрегі, бауыры және екі көзінің қасаң қабықтары алынған. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары