Павлодарда жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, адамдарды басып қалды, деп хабарлайды Malim.kz өңірдің төтенше жағдайдар департаментіне сілтеме жасап.
Департамент мәліметінше, опырылған жердің тереңдігі шамамен 6 метр болған көрінеді.
Оқиға орнына дереу ТЖД күштері мен құралдары жіберіліп, аз ғана уақыт ішінде құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жұмысқа кіріскен. Сонымен бірге, құтқару бөлімшелері келгенге дейін кәсіпорын жұмысшылары бір адамды өз күштерімен шығарып алғаны мәлім болды.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар топырақ астынан тағы екі зардап шеккен адамды алып шықты. Олардың барлығын ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасы қарап, алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін жедел жәрдем қызметіне жеткізіп, ауруханаға жатқызды.
"Оқиға салдарынан құтқарушылар үйінді астынан екі адамның мәйітін алып шықты. Болған жағдайдың мән-жайы анықталуда", – деп жазыдған Павлодар облысының ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінде.
Облыстық полиция департаменті бұл оқиға бойынша еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеді. Оқиғаның себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады.