Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы мектеп оқушысы Ерасыл Қанат көздеген телефонын сатып алу үшін 17 мың тоқаш пісіруге бел буған. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеп хабарлайды.
Ауыл баласы Ерасыл компьютерлік ойындарды ұнатады, физика мен әлем тілдерін қызығып оқиды. Қазір жасөспірім үйде ата-анасына көмекші, екі қарындасына қамқор. Ал кешкі уақытта ол өзінің шағын наубайханасына енеді.
Ерасыл ата-анасынан телефон сұрамай, оны өз еңбегімен алуды мақсат еткен. Арманын жүзеге асыру үшін ол 17 мың тоқаш сатуы керек. Қазірдің өзінде оқушы күн сайын 50-70 тоқаш пісіреді, кейде 100-ден асады. Кешкісін оларды ауылдағы 5-7 үйге, кейде 10-нан астам отбасына жеткізіп береді. Қазір ол ауыл тұрғындарынан жеке тапсырыстар да қабылдай бастаған. Оның пісірген өнімдеріне сұраныс бар.
Ерасылдың анасы Зура Сапарқызы орыс тілі пәнінің мұғалімі. Оның айтуынша, баласының еңбекқор болуына отбасы тәрбиесі үлкен әсер еткен. Бос уақытында анасы тігін тігумен айналысады, ал әкесі табиғатты, жануарларды және ауыл көріністерін суретке түсіруді ұнатады.
Отбасындағы шығармашылық орта баланың қиялы мен жан-жақтылығын дамытуға ықпал етіп отыр. Ерасылдың мінезі кейде сабырлы, кейде қырсық болғанымен, мейірімді, зерек әрі мақсатшыл бала дейді жақындары. Ол қазір телефон үшін ғана емес, болашақта кәсібін кеңейту үшін жақсы пеш сатып алуды да армандайды.