АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсет Иранмен соғыстың қанша уақытқа жалғасатынын тек АҚШ президенті шешетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Журналистердің АҚШ-тың Иранмен соғыста қай кезеңде тұрғаны туралы сұрағына жауап берген Хегсет:
«Біздің ерік-жігеріміз шексіз. Алайда түпкі нәтижені және бұл мақсаттарға қанша уақытта жететінімізді президент айқындайды», – деді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп соғыстың жақын арада аяқталмайтынын айтқан. Оның сөзінше, әскери қақтығыс «осы аптада бітпейді», бірақ аяқталу мерзімі «жақын арада» болуы мүмкін.
Хегсет сондай-ақ журналистердің соғысқа қарсы америкалықтарға қандай үндеу жолдағысы келетіні және Иранға соққы жасау туралы шешімге Израильдің ықпалы қаншалықты болғаны туралы сұрақтарына жауап берді.
Пентагон басшысы Израильді АҚШ-тың «күшті серіктесі» деп атап өтті, бірақ Вашингтон ең алдымен өз мақсаттарына назар аударатынын айтты.
«Президент басшылық жасап, қай бағытта қозғалуымыз керектігін анықтайды», – деді ол.
Сонымен қатар Хегсет АҚШ армиясы бейбіт тұрғындарға соққы бермеу үшін барынша сақтық шараларын қабылдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, «бейбіт халыққа зиян келтірмеу үшін АҚШ сияқты көп шара қолданатын ел жоқ».
Алайда қорғаныс министрі азаматтық нысандарға соққы жасалды деген мәлімдемелерге қатысты нақты түсініктеме бермей, мұндай ақпаратты ашық дереккөздер арқылы бағалау дұрыс емес екенін атап өтті.