Перизат Қайрат колонияда еден жуушы болып жұмыс істеп жүр, ал оның анасы Ғайни Алашбаева әзірге жұмысқа тартылмаған. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің жауабына сілтеме жасап Ulysmedia.kz жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Басылым Перизат Қайрат пен оның анасының жазасын өтеу жағдайын білу үшін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне сауал жолдаған. Редакция олардың еңбекке араласуы, жаңа мамандық меңгеруі, мәдени және спорттық іс-шараларға қатысуы туралы сұраған. Сондай-ақ жалақысы мен оның жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге жұмсалатынын нақтылауға тырысқан.
Комитет Перизат Қайраттың мекемеде еден жуушы болып жұмыс істейтінін хабарлаған. Ал Ғайни Алашбаеваның әзірге жұмысқа тартылмағанын мәлімдеген.
Ведомство олардың жалақысы, тәртібі, көтермелеу шаралары және түрлі іс-шараларға қатысуы жөнінде қосымша ақпарат бермеген. Комитет мұны сотталғандардың жеке ісіндегі мәліметтердің жария етілмейтінімен түсіндіріп, дербес деректерді қорғау талаптарына сілтеме жасаған.
Перизат Қайрат пен анасы не үшін сотталды?
Перизат Қайрат негізін қалаған Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға және Палестина тұрғындарына көмек көрсету үшін қаражат жинаған.
Сот қайырымдылыққа түскен ақшаның бір бөлігі мақсатқа сай жұмсалмай, жеке қажеттіліктерге пайдаланылғанын анықтаған. Қаражатқа қымбат жылжымайтын мүлік, көліктер мен бренд бұйымдар сатып алынып, шетелдегі демалыс шығындары төленген. Ал Ғайни Алашбаева ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектескен.
2025 жылғы шілдеде сот Перизат Қайратты 10 жылға, анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен бірге олардың мүлкін тәркілеу және жәбірленушілердің пайдасына 1,582 млрд теңге өндіру туралы шешім шығарылды.
Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.