Malim.kz
Қоғам

Перизат Қайраттың тәркіленген көліктері Астана полицейлеріне беріледі

Арман Қайыпхан
Фото: Informburo

Астана қалалық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Перизат Қайраттың ісі бойынша тәркіленген Mercedes және Haval көліктерін кім тізгіндейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz Informburo-ға сілтеме жасап.

7 сәуір күні сотталған Перизат Қайратқа тиесілі болған, бағалау құны 79 415 000 теңгені құрайтын Mercedes-Benz S450 көлігін өткізу бойынша сауда аяқталды.

Сондай-ақ, Перизат Қайраттың анасы Гайнидің ағасы Қырымгерей Алашбаевқа тиесілі болған Haval H6 GT жол талғамайтын көлігі де (бағалау құны – 11 939 000 теңге) іске асырылды.

Ережеге сәйкес, бұл автокөліктерді алуға тек мемлекеттік мекеме немесе кәсіпорын нысанында тіркелген заңды тұлғалар, соның ішінде әлеуметтік қызмет көрсету субъектілері ғана өтінім бере алды. Саудаға екі мемлекеттік орган — Астана қалалық Полиция департаменті мен Бас прокуратура жанындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы қатысты.

«7 сәуірдегі өтінімдерді қарау нәтижелері туралы хаттама негізінде, Астана қаласының Полиция департаменті жеңімпаз болып танылды», — делінген хабарламада.

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті алдағы 15 жұмыс күні ішінде аталған мүлікті Полиция департаментінің теңгеріміне (балансына) бекіту туралы шешім қабылданатынын атап өтті.

Бұған дейін жазасын өтеп жатқан Перизат Қайрат колонияда жұмысқа орналасқаны белгілі болған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары