Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремль Венгрия оппозициясының жетекшісі Петер Мадьярды парламент сайлауындағы жеңісімен құттықтамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Юнашев Live-қа берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Песковтың сөзінше, Кремль Мадьярды Венгриядағы парламенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтауға құлықты емес. Бұл туралы журналист Александр Юнашев өзінің Telegram-арнасында жазды.
«Біз “достық емес” елдерге құттықтау жолдамаймыз. Ал Венгрия - бізге қарсы санкцияларды қолдайтын "достық емес" ел», - деп жазды Юнашев Ресей президентінің баспасөз хатшысына сілтеме жасап.
Бұл Мәскеу тек Виктор Орбанмен ғана достық қарым-қатынаста болды дегенді білдіре ме деген сұраққа Песков: «Біз онымен диалог жүргіздік», – деп жауап берген.
Бұған дейін, 13 сәуір күні Песков ресейлік БАҚ-қа Венгрия өз таңдауын жасағанын және Мәскеу оны құрметтейтінін айтқан болатын. Оның айтуынша, Ресей Венгрияның жаңа басшылығымен «айтарлықтай прагматикалық» байланыстарды жалғастыруға үміттенеді.
Песков Мәскеу Будапештпен, сондай-ақ басқа да еуропалық мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін атап өтті. Венгрияның жаңа үкіметі Украинаны €90 млрд көлеміндегі несиемен қамтамасыз ету мәселесінде қандай ұстанымда болатыны туралы сұраққа жауап бере отырып, Песков нақты қадамдарды күту қажет екенін атады.
Венгриядағы сайлауда жеңіске жеткен «Құрмет және бостандық» («Тиса») партиясының жетекшісі Петер Мадьяр алғашқы мәлімдемесінде елдің «қайтадан еуропалық мемлекетке айналып, Еуропаға оралуды» көздейтінін айтқан.
Венгрияның Ұлттық сайлау бюросының дерегінше, бюллетеньдердің шамамен 96%-ы өңделгеннен кейін «Тиса» партиясы 53%-дан астам дауыс жинаған. Ал премьер-министр Виктор Орбан Мадьярды жеңісімен құттықтап үлгерді.