Танымал актриса Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі, актер Дархан Мұсаев экс-жұбайының жеке өміріндегі өзгерістерге қатысты пікір білдірді. Ол актрисаның тойына қуанышты екенін айтқанымен, өткен өмірдегі кейбір жағдайларды әлі ұмыта алмағанын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Дархан Мұсаев "Не дейді?" бағдарламасына берген сұхбатында Дариға Бадықовамен арадағы қарым-қатынасы және ажырасудан кейінгі көңіл күйі туралы ашық айтты.
Актердің сөзінше, бұрынғы жарына деген реніші әлі де бар. Алайда ол мұны актрисаға деген махаббатымен емес, кезінде болған жағдайлармен байланыстырды.
"Адамзат үш нәрсені ұмытпайды дейді ғой. Мен өзіме тиесілісін айтайын. "Подлость" жасаған адамды ұмытпайды екенсің, әсіресе ер азамат. Мен оны қатты жақсы көргенімнен емес, тек маған иттік жасағанына қатты налыдым. Ал былай Аллаға аманаттап тастағанмын, дұғамды тіледім. Қайта қуанып жатырмын, сол ғана", – деді Дархан Мұсаев.
Осылайша, актер экс-жұбайының тойына қатысты теріс көзқараста емес екенін, дегенмен өткен оқиғалардан кейін көңілінде реніш қалғанын аңғартты.
"Негативті пікір жазатындардың көбі – ер адамдар"
Сұхбат барысында Дархан Мұсаев ажырасудан кейін әлеуметтік желіде өзіне бағытталған сын-пікірлерге де тоқталды.
Оның айтуынша, жеке өміріне қатысты жағымсыз пікірлерді көбіне ер адамдар жазған. Бұл жағдай актердің көңіліне ауыр тиген.
"Көбінесе негативті жазатын ер азаматтар екен, соған жүрегім ауырды. "Бүйтіп қалдың ба, сүйтіп қалдың ба?" деп болмайтын нәрсені ер азаматтар жазады екен. Ер азаматтарымыз сондайды қойса екен. Әйелдер қауымы аз жазады, жоқтың қасы десе де болады", – деді актер.
Дархан Мұсаев ер азаматтардың бір-біріне қолдау білдірудің орнына, өзгенің жеке өмірін сынап, орынсыз пікір жазатынына қынжылатынын жеткізді.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Болатқызы Бадықова – қазақстандық танымал актриса, продюсер, театр және кино саласында өзіндік орны бар өнер иесі. Ол 1985 жылы 1 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында "Музыкалық драма және режиссура" мамандығы бойынша білім алған.
Өнердегі алғашқы қадамдарын театр сахнасынан бастаған актриса кейін телевизиялық жобалар мен көркем фильмдерге түсіп, қалың көрерменге таныла бастады. Әсіресе "Келінжан" телехикаясындағы Айсара рөлі оның танымалдығын арттырды. Бұл кейіпкер арқылы Дариға Бадықова комедиялық жанрдағы актерлік шеберлігін көрсетті.
Актриса "Қазақша бизнес" фильмдер сериясында, "Гудбай, мой бай!", "Хотя бы кинода 2" және өзге де киножобаларда өнер көрсетті. Уақыт өте келе ол актерлік қызметпен шектелмей, кино өндірісіне араласып, продюсерлік бағытта да жұмыс істей бастады.
Дариға Бадықованың шығармашылық мансабындағы елеулі туындылардың бірі – "Таптым-ау сені" фильмі. Аталған кинода ол актер Олжас Абаймен бірге басты кейіпкерлердің бірін сомдады. Көрермен қызығушылығын тудырған фильмнің кейін жалғасы да жарық көрді.
2026 жылы актриса құтқарушылардың өмірі мен қызметін арқау еткен жаңа кинотуындыны қолға алғанын мәлімдеді. Фильмнің түсірілім жұмыстары Өскемен қаласында ұйымдастырылып, төтенше жағдайлар саласы мамандарының күнделікті еңбегін көрсетуге бағытталды.
Олжас Абай кім?
Олжас Абай – қазақстандық кино және театр актері, продюсер. Ашық кино дерекқорларында оның 1991 жылы дүниеге келгені жазылған. Ол Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында драма театры және кино актері мамандығын меңгерген.
Кәсіби білім алғаннан кейін Олжас Абай бірнеше жыл Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет еткен. Шығармашылық жолының бастапқы кезеңінде актерлікпен қатар әншілік және жүргізушілік бағытта да бағын сынаған.
Олжас Абай отандық кино мен телехикаялардағы рөлдері арқылы танымал болды. Оның қатысуымен жарық көрген жобалардың қатарында "Брат или брак", "Сиситай", "Класстастар", "Базар жоқ, Мексика!", "Zero", "Ауылбайский участковый", "Хотя бы кинода 2" және "Таптым-ау сені" фильмдері бар.
Актер түрлі жанрдағы туындыларға түсіп, комедиялық кейіпкерлермен қатар драмалық және романтикалық образдарды да сомдаған. Ашық кино дерекқорларындағы мәліметтерге сүйенсек, Олжас Абай 20-дан астам экрандық жобаға қатысқан. Сондай-ақ кино өндірісінде продюсер ретінде де тәжірибе жинақтаған.
Оның шығармашылығында Дариға Бадықовамен бірлескен жұмыстар ерекше орын алады. Қос актер «Таптым-ау сені» фильмінде және оның жалғасында бірге ойнап, экрандағы жұп ретінде көрерменнің назарын аударды.
Кино саласынан бөлек, Олжас Абай музыкаға да қызығушылық танытқан. Өмірбаяндық материалдарда оның ән жазып, орындаушылық өнермен айналысқаны туралы да айтылады.