Астанада полиция бөлімінің бастығының орынбасары телефон қоңырауына жауап бермегені үшін өз басшысын ұрып жіберген. Оқиғадан кейін зардап шеккен полицей медициналық көмекке жүгініп, әріптесіне қатысты іс сотқа жетті. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жақында Астанада 32 жастағы полиция бөлім бастығының орынбасары Әли Әбетаевке қатысты сот үкімі жарияланды.
Әли Әбетаев бұрын қарапайым учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс істеген. Кейін Есіл ауданы полиция басқармасындағы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған. Оның бастығы Сәкен Ноғаев. Сонымен қатар істе екеуінің де үстінен қарайтын Айдос Момбиев туралы да деректер келтірілген.
Оқиға өткен жылдың маусым айында болған. Сол күні Әбетаев полиция бөлімінде кезекші болған. Оның бастығы Сәкен Ноғаев учаскелік инспекторлармен бірге мейрамханаларды тексеру үшін рейдке шыққан.
Тексеру барысында олар "Тануки" мейрамханасында келушілерге кальян ұсынылып жатқанын анықтайды. Ноғаевтың айтуынша, полиция қызметкерлері хаттама толтырып жатқан кезде Әбетаев пен олардың ортақ басшысы Айдос Момбиев телефон шалып, мейрамханадан кетуді талап еткен. Алайда Ноғаев олар хабарласқан кезде айыппұлды салып қойған болып шығады.
Осыдан кейін Ноғаев "Berezka" мейрамханасына барған. Алайда қарамағындағы қызметкерлер ол жерге кіруден бас тартқан. Өйткені Момбиевтің ашуынан қорыққан. Сол кезде Ноғаевқа Әбетаев тағы хабарласқан. Бірақ телефоны дұрыс жұмыс істемегендіктен ол қоңырауға жауап бере алмаған. Соңында Әбетаев әріптестері арқылы Ноғаевқа хабарласып, оны "Meat&Bear" мейрамханасының алдына келуін сұрайды. Сол жерде Әли Ноғаевтан неге телефонды көтермегенін сұрай бастайды. Сөзден сөз шығып, Әбетаев бастығын ұра бастайды. Тіпті тұншықтыру әдісін де қолданған. Ноғаев медициналық көмекке жүгініп, кейін полицияға арыз жазған.
Тергеу барысында осы оқиғаға қатысы бар барлық адамдардан, оның ішінде Айдос Момбиевтен де жауап алынған. Ол ешқандай заңсыз бұйрық бермегенін, мейрамханаларды "қорғамайтынын" айтқан. Ал Ноғаевты тек ортақ чатқа есеп жібермегені үшін іздегенін түсіндірген.
Нәтижесінде, әріптесіне қол көтерген Әли Әбетаевқа бастапқыда қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Бірақ сот барысында прокуратура айыпты өзгертіп, оны денсаулыққа жеңіл зиян келтіру деп қайта саралаған. Сот осы нұсқамен келісіп, бұрынғы капитанды бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен.