Malim.kz
Әлем

Польшадағы қанды атыс: Күдікті ауруханада көз жұмды

• Мадияр Қапанбек
Видеодан кадр: Marek Bednarz/Anadolu via Getty Images

Польшаның Краков қаласында болған қарулы шабуылға күдікті ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Малополь воеводствосының полициясы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Құқық қорғау органдары күдіктінің қайтыс болғаны туралы ақпаратты X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жариялады.

"Қайғылы оқиғаға кінәлі адам бүгін таңертең ауруханада қайтыс болғанын хабарлаймыз", – делінген полиция мәлімдемесінде.

Еске салайық, бұған дейін Польшаның Краков қаласының орталығында атыс болып, салдарынан адамдар қаза тауып, бірнеше адам жараланғаны хабарланған еді.

Қайғылы оқиғадан кейін полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп, күдіктінің тұрғылықты мекенжайын да тексерген. Тексеру барысында оның үйінен бірнеше адамның мәйіті табылған. Алдын ала болжам бойынша, қаза тапқандар күдіктінің жақындары болуы мүмкін. Алайда олардың кім екені туралы түпкілікті ақпарат жарияланбады.

Оқиғаға байланысты Польшада 8 және 9 қараша қаралы күн деп жарияланғаны хабарланды. Сонымен қатар прокуратура Краковтағы қарулы шабуылға қатысты терроризм бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары