Атырау облысының прокуратурасы бекіре тұқымдас балық пен уылдырықты заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау немесе өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомство мәліметінше, мұндай өнімдерге сұраныс браконьерлікті күшейтіп, Жайық-Каспий бассейнінің биоәртүрлілігіне қауіп төндіруде.
2025 жылдың қорытындысы бойынша экология саласында 30 құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 11 қылмыстық іс сотқа жолданып, 10 адамға айыптау үкімі шығарылған.
Прокуратура мәліметінше, биыл Атырау қаласының бір тұрғынынан автокөлікті тінту кезінде 501,9 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленген. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, 304 млн теңгеден астам шығынды өтеуді міндеттеді.
Қадағалау органы шығу тегі күмәнді балық пен уылдырықты рұқсат құжаттарынсыз сатып алу қылмысқа сыбайлас болумен тең екенін атап өтті.