Malim.kz
Қоғам

Психолог тоқал алуды опасыздық деп атады

Алуа Әшірбекова
Фото: Qaz365.kz

Отбасылық психолог Ержан Мырзабай әлеуметтік желіде бірнеше әйелмен бірге тұратынын ашық көрсететін ер адамдардың көбейгеніне назар аударды. Ол мұндай үрдіс отбасы институтына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Qaz365.kaz мәліметінше, психологтың айтуынша, соңғы уақытта әлеуметтік желіде бірнеше әйелі барын мақтанышпен көрсететін видеолар жиілеген. "Тоқал алу – опасыздық. Отбасы институтын әлсірететін қауіпті үрдіс. Соңғы кездері бірнеше әйелім бар деп әлеуметтік желіге мәз болып салып қоятын видеоларды көзім шалды. Осыған байланысты өзім жеке жұмыс істеген бірнеше кейс есіме түсіп кетті", – деді Ержан Мырзабай.

Маман мұндай қарым-қатынаста тараптардың ешқайсысы толыққанды бақытты болмауы мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, мәселе тек ер адамның әрекетінде емес, отбасындағы жауапкершілік пен адамның өзін-өзі бағалауында да жатыр.

"Жалпы бұны жауапкершілігі төмен еркек пен өзін-өзі бағалауы төмен әйелдің қосылуы деп сипаттауға болады", – деді психолог.

Ержан Мырзабай бұған дейін де отбасы институтының әлсіреуіне қатысты пікір білдіріп, ерлі-зайыптылар арасындағы ашық диалог пен тұрақты қарым-қатынастың маңызын айтқан.

Айта кетейік, Қазақстанда заң бойынша неке бір ер адам мен бір әйел арасында тіркеледі. Ал "тоқал алу" мәселесі қоғамда әлі де қызу пікірталас тудырып келеді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары