Ресей президенті Владимир Путин еңбек мигранттарының елде болу тәртібін қатаңдататын заңға қол қойды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Сонымен қатар құжат Ресей азаматтығын, тұруға ықтиярхат (ВНЖ) және басқа да көші-қон құжаттарын рәсімдеу кезіндегі мемлекеттік баж салығын арттыруды көздейді.
Жаңа заңға сәйкес, еңбек мигранттары өзін және Ресейде тұратын, өз қарауындағы отбасы мүшелерін өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Бұдан бөлек, жұмыс патентін алу кезінде шетел азаматтары жеке табыс салығы (НДФЛ) бойынша тіркелген аванстық төлемді өзі үшін ғана емес, кәмелетке толмаған балалары үшін де төлеуі тиіс.
Егер бұл талаптар орындалмаса, мигранттың жұмыс патенті немесе жұмыс істеуге рұқсаты ұзартылмайды. Мұндай жағдайда ол балаларымен бірге 15 күн ішінде Ресейден кетуге міндетті болады. Ресейде қалу тек заңды негіз болған жағдайда ғана мүмкін. Ал мигранттардың кәмелетке толған балалары өз атына жұмыс патентін рәсімдеуі немесе 30 күн ішінде елден кетуі тиіс.
Сондай-ақ жаңа заң Ресей азаматтығын, тұруға ықтиярхатты, уақытша тұруға рұқсатты және басқа да көші-қон құжаттарын рәсімдеу үшін алынатын мемлекеттік баж мөлшерін ұлғайтады.