Malim.kz
Әлем

Путин шетелдегі Ресей азаматтарын «қорғау» туралы заңға қол қойды

Айбын Атабай
ТАСС

Ресей президенті Владимир Путин шетелде «Ресей азаматтарын қорғау» мақсатында олар «қамауға алынған, ұсталған, қылмыстық және өзге де қудалауға ұшыраған» жағдайда армияны пайдалануға құқық беретін заңға қол қойды.

Заңнамаға енгізілген түзетулер туралы ақпарат 25 мамыр, дүйсенбі күні ресми құқықтық актілерді жариялау порталында орналастырылды. Түзетулер «Ресей азаматтығы туралы» және «Қорғаныс туралы» федералдық заңдарға енгізілген.

Түсіндірме жазбаға сәйкес, әңгіме ең алдымен Ресей қатыспайтын, бірақ «өкілеттік берілген» шетелдік соттар, сондай-ақ Ресей мойындамайтын халықаралық сот органдары шетелде Ресей азаматтарын қамауға алған жағдайлар туралы болып отыр.

Құжатты 13 мамырда Мемлекеттік Дума, ал 20 мамырда Федерация Кеңесі мақұлдаған.

Сарапшы: Әңгіме Ресейдің «көлеңкелі флоты» кемелерін қорғау туралы болуы мүмкін

«Коммерсант» басылымы сөйлескен сарапшылардың пікірінше, бұл Ресейдің «көлеңкелі флоты» сауда кемелерін қорғауды заң жүзінде рәсімдеуге қатысты болуы мүмкін.

«Мысалы, бұл кемелерге шетелдік шекарашылар мініп, көлікті және экипаж мүшелерін қамауға алады делік. Мұндай жағдайда біздің қарулы күштеріміз, егер президенттен тиісті бұйрық алса, мұндай әрекеттердің алдын алуға құқылы болуы мүмкін», – деп түсіндірді NSP адвокаттық бюросының серіктесі Илья Рачков.

Сонымен қатар, оның айтуынша, әңгіме мемлекеттерге өз аумағынан тыс жерде жасалған қылмыстарды да тергеуге мүмкіндік беретін әмбебап юрисдикция жағдайлары туралы да болуы мүмкін. Алайда Ресей Қорғаныс министрлігі Ресей азаматтарын нақты қалай «қорғауы» тиіс екені әзірге түсініксіз, деп қосты сарапшы.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары