Ресей президенті Владимир Путин елден кеткен азаматтардың мүлкін мемлекет мүдделеріне қарсы бағытталған әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қамтамасыз ету шарасы ретінде тәркілеуге (тұтқындауға) мүмкіндік беретін заңға қол қойды, деп хабарлайды Malim.kz dw.com сайтына сілтеп.
Құжат 10 маусым, сәрсенбі күні ресми құқықтық актілерді жариялау сайтында жарияланды.
Әңгіме Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 10-нан астам бабы туралы болып отыр. Олардың көпшілігі саяси себептермен қудалау үшін қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда, бұл «шетел агенті» қызметінің тәртібін бұзу, «экстремистік материалдарды өндіру және тарату», «жалған ақпарат тарату және БАҚ еркіндігін теріс пайдалану», «қалаусыз ұйымдардың» қызметіне қатысу, Ресей армиясын «беделсіздендіру», сондай-ақ «КСРО басшылығының әрекеттері мен шешімдерін нацистік Германияның әрекеттерімен жария түрде теңестіру» туралы баптар. Тізімде «ерекше белгілері бар ұсақ бұзақылық» бабы да бар.
Заң 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді
Құжатқа сәйкес, әкімшілік жаза ретінде салынатын айыппұлдың орындалуын қамтамасыз ету үшін тұтқындалуы мүмкін мүліктің құны жеке тұлғаларға қатысты айыппұл мөлшерімен шектелмейді. Мүлікке тыйым салу оны иеленушінің оған билік ету құқығын шектеуді білдіреді.
Сонымен қатар, активтерді іс бойынша түпкілікті шешім шықпай тұрып-ақ, болашақта салынуы мүмкін айыппұлды қамтамасыз ету шарасы ретінде тұтқындауға рұқсат етіледі. Судья мұндай өтінішті тіркелгеннен кейін келесі күннен кешіктірмей және мүлік иесіне хабар берместен қарауы тиіс.
Заң 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді.