Ресей ядролық қаруды сынақтан өткізуі мүмкін. Бұл жөнінде бүгін елдің Қауіпсіздік кеңесі мүшелерімен өткен жедел отырыста президент Владимир Путин тапсырма берді, деп хабарлайды Malim.kz Ресей Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
РФ қорғаныс министрі Андрей Белоусовтың айтуынша, Ресейге толық ауқымды ядролық сынақтарға дайындықты дереу бастау орынды болмақ. Оның сөзінше, Мәскеу өз ядролық әлеуетін сақтау және Вашингтонның қадамдарына сәйкес жауап қату қажет.
Кеңес барысында Владимир Путин Ресейдің Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ) аясындағы міндеттемелерін сақтап отырғанын, бірақ шартқа қатысушы өзге елдер сынақ өткізсе, Ресей де лайықты қарсы шаралар қабылдауы тиіс екенін айтты.
«Осыған байланысты мен Сыртқы істер министрлігіне, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне, арнайы қызметтерге және тиісті азаматтық ведомстволарға бұл мәселеге қатысты қосымша ақпарат жинап, оны Қауіпсіздік кеңесі алаңында талдап, ядролық қару сынақтарына дайындықты бастау мүмкіндігі жөнінде келісілген ұсыныстар енгізуді тапсырамын», – деді Путин.
Айта кетейік, ЯСЖТШ – Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт — барлық түрдегі ядролық сынақтарға, соның ішінде жерасты, атмосфералық және суасты жарылыстарға толық тыйым салуға бағытталған көпжақты халықаралық келісім. Бұл шарт БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы аясында ұзақ келіссөздерден кейін 1996 жылғы 24 қыркүйекте Нью-Йоркте қол қоюға ашылды. Оған 187 мемлекет қол қойған, 178-і ратификациялаған. Ресей бұл шартты 2000 жылы ратификациялаған, алайда 2023 жылы геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты ратификацияны кері қайтарып алды.