Ресей президенті Владимир Путин Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында сөз сөйлеп, Украинадағы соғысқа қатысты бірқатар мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, Мәскеу өзінікі деп санайтын украин аумақтарын әскери күш арқылы басып алуға дайын екенін тағы да қайталады.
«Арнайы әскери операцияның мақсаттары, сөзсіз, орындалады. Біз мұны — қақтығыстың түпкі себептерін жоюды қоса алғанда — дипломатиялық жолмен жүзеге асырғанды қалар едік. Алайда қарсы тарап пен шетелдік қамқоршылары мазмұнды әңгімеден бас тартса, Ресей өзінің тарихи жерлерін әскери жолмен азат етеді», — деді Путин.
Ресей Украинаға тиесілі төрт облыстың — Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон өңірлерінің аннексияланғанын жариялаған (ал 2014 жылы украин Қырым түбегін аннексиялаған). Алайда қазіргі таңда ресейлік әскерлер толық дерлік тек Луганск облысын ғана бақылауда ұстап отыр.
БАҚ деректеріне сүйенсек, Мәскеу атысты тоқтатудың міндетті шарты ретінде украин әскерлерінің Донецк облысының бүкіл аумағынан, тіпті ресейлік оккупацияда емес аймақтардан да шығарылуын талап етеді.
Ресей президентінің айтуынша, Мәскеу Украина аумағында «буферлік аймақ» құруды және оны кеңейтуді көздеп отыр.
«Бұған дейін де талай рет айттым — Еуропа елдеріне қатысты ойдан шығарылған ресейлік қауіп туралы әңгіме — өтірік, сандырақ, тіпті мүлде ақылға қонбайтын сандырақ», - деді Путин.