Malim.kz
Қоғам

Қай өңірлерге су тасқыны қаупі төніп тұр?

Айбын Атабай
ТЖМ

Қазақстанда 1 242 елді мекен ықтимал су басу аймағында орналасқан. Сонымен қатар бірқатар өңір көктемгі су тасқыны қаупі жоғары аумақтар қатарына жатқызылды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап  Malim.kz хабарлайды.  

Қазгидромет алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес, 2026 жылы су тасқыны қаупі ең жоғары өңірлер – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Абай облысы.

Су тасқыны қаупінің орташа деңгейі Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Алматы облыстарында, сондай-ақ Жетісу және Ұлытау облыстарында болжанып отыр. Ал Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстары су басу ықтималдығы төмен өңірлерге жатқызылды.

ТЖМ мәліметінше, тәуекелдерді бағалау табиғи факторларды кешенді талдау негізінде жүргізіледі.

Алдын ала болжам топырақтың күзгі ылғалдылығын, суық кезеңдегі жауын-шашын мөлшерін, топырақтың қату тереңдігін, жер бетіндегі мұз қабығының болуын және өзендердің мұз режимін ескере отырып жасалды. Бұл көрсеткіштер көктемгі су тасқыны қаупі жоғары өңірлерді анықтауға мүмкіндік береді, – делінген ведомствоның жауабында.

Өткен жылғы су тасқыны кезеңінің қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар су басу қаупі бар 1 242 елді мекенді айқындаған. Мұндай елді мекендердің ең көбі Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында орналасқан.

Ведомство су тасқыны кезеңіне дайындық аясында ауқымды инженерлік жұмыстар атқарылғанын да мәлімдеді.

Елді мекендерді қорғау мақсатында өңірлерде 831 шақырым қорғаныс бөгеттері мен үйінділер салынды, 1 128 шақырым дренаж жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынды. Автомобиль және теміржол жолдарында 934 су өткізу құрылысы орнатылып немесе ауыстырылды. Бұдан бөлек, өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде шамамен 166 шақырым түбін тереңдету, 255 шақырым жағалауды бекіту, 221 шақырым арнаны түзеу және 172 шақырым өзен арнасын тазарту жұмыстары жүргізілді, – деп хабарлады ТЖМ.

Мүмкін болатын төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін азаматтық қорғау күштерінің ірі топтамасы жасақталған. ТЖМ басшысының бұйрығына сәйкес, су тасқынын жою жұмыстарына 39 мыңнан астам адам мен 12 мыңға жуық техника тартылуы мүмкін.

Жедел жағдайға байланысты күштер мен құралдарды осал өңірлерге алдын ала жіберу, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданады, – делінген министрлік ақпаратында.

Сонымен қатар елде халықты уақытша орналастыру инфрақұрылымы дайындалған. Эвакуация қажет болған жағдайда 1,4 миллион адамды қабылдауға арналған 3 857 орналастыру пункті әзірленді.

Ақпан айының соңында республика бойынша «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Оның барысында азаматтық қорғау қызметтерінің су тасқыны салдарын жоюға дайындығы және орталық пен жергілікті органдар арасындағы іс-қимыл үйлесімділігі тексерілді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары