Malim.kz
Шоу-бизнес

Қайрат Нұртастың концертіндегі дүрбелең: ұйымдастырушы үйқамаққа алынды

• Мадина Ізекен
Фото: скриншот \ v_shymkente

Шымкентте әнші Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған жаппай кептеліске байланысты ұсталған ұйымдастырушы үйқамаққа жіберілді. Сот күдіктіні тергеу изоляторында ұстауға негіз жоқ деп шешкен, деп хабарлайды Malim.kz.

Шымкент қаласының прокуратурасы концерт ұйымдастырушысына қатысты сот шешімі шыққанын мәлімдеді. Бұған дейін көрермендердің жаппай қысылуына байланысты күдікке ілінген азамат уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.

"Сот күдіктіні қамауда ұстауға санкция беруден бас тартып, оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады", – делінген прокуратура хабарламасында.

Стадионға сыйымдылығынан артық билет сатылған

Полицияның алдын ала мәліметіне сәйкес, концертті ұйымдастырушылар стадионға белгіленген сыйымдылықтан көп билет сатқан. Соның салдарынан концерт басталар алдында кіреберісте адам шамадан тыс жиналып, көрермендер арасында жаппай қысылу болған. Оқиғадан кейін 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталды.

Қазір аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігімен, яғни қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Аталған бап бойынша кінәсі дәлелденген адамға 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл 2026 жылғы есеппен 21 миллион 625 мың теңгеге тең.

Сондай-ақ заңда қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тарту, бес жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған. Бұдан бөлек, үш жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Жансақтау бөліміндегі 18 жастағы қыздың жағдайы белгілі болды

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы концерт кезіндегі кептелістен зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген 18 жастағы қыздың денсаулығына қатысты ақпарат таратты.

"Науқастың жағдайы өзгеріссіз, тұрақты ауыр", – деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.

Еске салайық, 10 қазанда Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың концерті өткен болатын. Әншінің өнерін тамашалауға келген көрермендер стадионға кірер тұста жаппай кептеліске тап болды. Әлеуметтік желілерде адамдардың бір-бірін итеріп, қысылып қалған сәттері бейнеленген видеолар тарады.

Оқиғадан кейін сегіз адам медициналық көмекке жүгінді. Олардың жетеуі дәрігерлердің тексеруінен кейін үйлеріне жіберілген. Ал 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Оның барысы Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Мадина Ізекен
Автордың басқа материалдары