Malim.kz
Білім-ғылым

"Қайта енгізіледі": Еліміздің бас педагогы ел асыға күткен қуанышты хабарды жеткізді

Мадияр Қапанбек
parlam.kz. Суретте: Жұлдыз Сүлейменова

Қазақстанның орта білім беру жүйесінде оқушылардың сауаттылығын арттыру және құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында бірқатар маңызды жаңашылдықтар енгізілмек, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдеуінше, мектеп бағдарламасына дәстүрлі жазба жұмыстары – диктант, мазмұндама және шығарма қайта енгізіледі. Бұл тәсілдер оқушылардың тілдік дағдыларын жетілдіріп, ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.

Министрліктің бұл бастамасы білім беру мазмұнын қазіргі талаптарға сай жаңғыртудың маңызды бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, классикалық әдістерді қайта қолдану оқушылардың сөздік қорын байытып, жазу мәдениетін қалыптастыруға оң әсер етеді.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап мектептерде құқықтық білім беру бағыты да күшейтіледі. "Адал азамат" тұжырымдамасы аясында оқушылардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыруға ерекше мән берілмек.

Жаңартылған оқу жоспарына сәйкес, 5-7 сынып оқушылары "Конституция негіздері" пәнін оқиды. Ал 8-9 сыныптарда "Заң және тәртіп" сабақтары енгізіледі. Жоғары сынып оқушылары үшін "Құқық негіздері" пәні тереңдетіліп, олар мемлекеттік заңдарды талдауды меңгереді.

Жалпы алғанда, бұл өзгерістер білім беру сапасын арттырумен қатар, жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын күшейтуге бағытталған кешенді қадам ретінде бағалануда.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова "Келешек мектебі" жобасының негізгі қағидаларына тоқталып, білім беру ұйымдарында тәртіп пен тазалықты сақтау, сондай-ақ педагогтердің бірсарынды жұмыс істеуінен арылу маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, мектеп тек білім беретін орын ғана емес, сонымен қатар елдің болашағын қалыптастыратын маңызды тәрбие ортасы болуы тиіс.

Министр сонымен бірге өңірдегі білім сапасының оң динамикасын да атап өтті. Соңғы төрт жылда білім сапасы 55,5 пайызға дейін өскен. 2025–2026 оқу жылында 300-ден астам оқушы республикалық деңгейдегі байқауларда жүлдегер атанса, 27 оқушы халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл көрсеткіштер білім беру саласында жүйелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын дәлелдейді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мектеп бітіру іс-шараларын өткізуге қатысты талаптар да нақтыланған болатын.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары