Malim.kz
Қоғам

Қайтыс болғандар мен шетелдіктерге миллиардтаған зейнетақы аударылған

Айбын Атабай
depositphotos.com

Қазақстанда қате аударылған зейнетақы төлемдерінің 6 миллиард теңгесі әлі күнге дейін мемлекет бюджетіне қайтарылмаған. Бұл туралы Үкіметте өткен брифинг барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.Qaz365.kz сайтына сілтеп. 

Мұндай ірі заңбұзушылықтарды Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеріс жұмыстары анықтаған. Аудит нәтижесі көрсеткендей, мемлекеттік қаражат қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен немесе Қазақстан аумағынан біржола көшіп кеткен азаматтардың шоттарына заңсыз аударылып келген. Министр Асқарбек Ертаевтың сөзінше, бұл тексеріс 2020 және 2024 жылдар аралығындағы кезеңді қамтыған.

Аудиторлық тексеріс барысында келесі жайттар белгілі болды:

67 мың шетелдік азаматқа жалпы сомасы 20,9 миллиард теңге көлемінде зейнетақы негізсіз төленген;

Олардың ішінде 57 мың шетелдік азамат заңсыз алған 13,9 миллиард теңгені мемлекетке ерікті түрде қайтарған;

Ал қайтыс болған 120 зейнетақы алушының үстінен қозғалған 500 миллион теңгеге жуық қарызды сот заңды түрде есептен шығарған (жойған).

«Қазіргі уақытта "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы тағы 4 400 шетелдік азаматқа қатысты тиісті жұмыстарды жалғастыруда. Олардың мемлекет алдында әлі де 6 миллиард теңгеге жуық берешегі бар», – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар министр Қазақстанның арнайы халықаралық пактіге (келісімге) қосылғанын еске салды. Осы құжатқа сәйкес, егер шетелдік азаматтар Қазақстан Республикасының аумағында ресми түрде еңбек етіп, осы елде зейнет демалысына шыққан болса, мемлекет оларға зейнетақы төлеуге міндетті. Алайда қазіргі даулы жағдай тек елден кеткен және құжаттары сәйкес келмейтін тұлғаларға қатысты болып отыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары