Қамшыбек Тәшиев бастаған сегіз адамға қатысты сот қайтадан жабық форматқа көшірілді, деп хабарлайды Malim.kz.
БиБиСи-дің қырғыз қызметінің мәліметінше, Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев бастаған сегіз адамға қатысты сот процесін қайтадан жабық режимде өткізу туралы шешім қабылданды.
22 маусымдағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар – прокурорлар сот процесін жабық өткізу туралы өтініш білдірді. Олар бұған журналистердің қатысуы сот отырысының қалыпты өтуіне кедергі келтіріп отырғанын себеп ретінде атады.
Жабық форматты айыпталушылардың бір бөлігі қолдаса, енді бір бөлігі оған қарсылық танытты. Атап айтқанда, Қамшыбек Тәшиев, Нұрланбек Тұрғынбек ұлы, Құрманқұл Зулушев және Эмилбек Ұзақбаев соттың жабық өтуін қолдайтындарын мәлімдеді.
Ал айыпталушы Құрсан Асанов бұл шешімге қарсы шығып, сот процесін ашық өткізуді талап етті. Осыдан кейін судья оны тәртіп бұзды деп танып, сот залынан шығаруға бұйрық берген.
Нәтижесінде судья прокурорлардың өтінішін қанағаттандырып, сот процесін жабық форматта өткізу туралы шешім қабылдады және журналистер залдан шығарылды.
Бұл қылмыстық іс қоғам арасында «75-тің хаты» деген атаумен белгілі. Іс бойынша барлығы сегіз бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік пен саясаткер айыпталуда. Оларға «билікті күшпен басып алуға дайындалу» және «қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану» баптары бойынша айып тағылған.
Қазіргі уақытта айыпталушылардың қатарындағы ҰҚМК-ның бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиев, экс-бас прокурор Құрманқұл Зулушев және бұрынғы парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбек ұлы соттың шешімімен елден шықпау туралы қолхат негізінде бостандықта жүр.
Ал қалған бес күдікті биылғы 11 ақпаннан бері қамауда отыр.
Олар: бұрынғы елші әрі министр Эмилбек Ұзақбаев; бұрынғы ішкі істер министрі Құрсан Асанов; бұрынғы депутат Құрманбек Дыйқанбаев; яэкс-депутат және бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Бекболот Талғарбеков және экс-депутат, бұрынғы вице-премьер-министр Аалы Қарашев.
Еске салсақ, бұған дейін Бішкекте Қырғызстан ҰҚМК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевке қатысты сот процесі басталғанын жазған едік.