Malim.kz
Әлем

"Қан мөлшерін көбейтеміз деп ойлаған": Екі айлық сәби хиджамадан кейін қайтыс болды (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Қырғызстанның Ош облысына қарасты Өзген ауданында хиджама (қан алдыру) жасалғаннан кейін екі айлық сәбидің өліміне байланысты тергеу басталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Мәліметке сәйкес, сәби 21 қаңтар күні ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның көп мөлшерде қан жоғалтып, постгеморрагиялық шок жағдайында болғанын анықтаған. Гемоглобин деңгейі қалыпты 110-120 орнына 43-45-ке дейін төмендеген. Көрсетілген реанимациялық көмектерге қарамастан, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Ош облыстық ішкі істер басқармасының хабарлауынша, 2025 жылғы 11 қарашада туған сәбидің қайтыс болғаны туралы ақпарат аумақтық ауруханадан түскен. Аталған дерек тіркеліп, сотқа дейінгі тексеру басталған. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның қорытындысы негізінде процессуалдық шешім қабылданады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, баланың өліміне ықтимал себеп ретінде хиджама аталып отыр. Бұл – теріге тілік жасап, вакуумды банкілер арқылы қан алуға негізделген баламалы медицина әдісі. Алайда оның тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденбеген және клиникалық хаттамаларға енгізілмеген.

Бұған дейін Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі хиджаманың медициналық процедура ретінде лицензияланбағанын бірнеше рет ескерткен. Министрлік өкілдері бұл тәсіл жедел анемияға, сондай-ақ қан арқылы жұғатын инфекцияларға әкелуі мүмкін екенін атап өткен. Елде хиджамадан кейін денсаулықтың нашарлауы мен өлімге соқтырған жағдайлар бұрын да тіркелген.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары