Алматы және Жамбыл облыстарын басқарған бұрынғы әкім Серік Үмбетов танымал әнші, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісоваға соғым сыйлады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желіде бұл сыйлық туралы айтып, Үмбетовті «ағам» деп атап, өзіне үнемі қамқорлық танытып жүргеніне алғыс білдірді.
"Бұл – Серік ағамыз жіберген соғым. Қазысын көрдіңіздер ме? Серік Үмбетов – мен ерекше құрметтейтін, сыйлайтын ағам. Зәкең де оны қатты сыйлайтын. Қанша жыл өтсе де мені ұмытпайды. Жеңгеміз екеуі үнемі көмектесіп тұрады. Алла разы болсын. Мәке, ас болсын! Концерт алдында бір қазы жеп алайын деп отырмын", – деп әзілдеді әнші.
Мақпал Жүнісова туралы
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова – қазақ эстрадасының танымал өкілі. Ол 1963 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Теректі ауылында дүниеге келген.
1981 жылдан бері "Қазақконцерт" бірлестігінің солисі ретінде өнер жолын жалғастырып келеді. Әнші көптеген халықаралық байқауларда Гран-при иеленген.
Ол 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ал 31 жасында Қазақстанның Халық әртісі атағын алған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған өнер иесі бүгінде профессор атағына ие және мемлекеттік, халықаралық марапаттардың иегері.
Лирикалық сопрано дауысымен танылған әнші халық әндерін, романстарды және джаз бағытындағы шығармаларды орындап келеді.
Бүгінде ол "Қазақ эстрадасының примадоннасы", "Орта Азия бұлбұлы" деген атақтармен танылған. Оның концерттеріне сұраныстың жоғары болуы – өнер иесінің халық арасындағы беделі мен ұзақ жылдық шығармашылық еңбегінің нәтижесі.