Malim.kz
Экология

Қаңтар айына арналған ауа райы болжамы жарияланды

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay

Синоптиктер 2026 жылғы қаңтар айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Консультативті болжамға сәйкес, қаңтар айы жылы болады деп күтіледі. Республика аумағының барлық аймағында айлық орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1–2°С-қа жоғары болады.

Айлық жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде норма шамасында болжанады. Нормадан көп жауын-шашын Павлодар облысында, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстігінде, Ақмола, Қарағанды және Абай облыстарының солтүстік-шығысында, Алматы және Жамбыл облыстарының оңтүстік жартысында, Түркістан облысы мен Жетісу облысының оңтүстік-шығысында күтіледі, - деп жазылған Қазгидромет хабарламасында. 

Ай бойы қар жауады, екпінді жел, боран, тұман және көктайғақ құбылыстары ашық, аязды ауа райымен алмасып отырады.

Елдің батысында бірінші онкүндіктің басында түнде ауа температурасы -10…-18°С-қа дейін, күндіз -5…-12°С-қа дейін төмендейді. 

Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталық өңірлерінде түнгі ауа температурасы -10…-20°С-тан -3…-8°С-қа дейін, күндіз -12…-2°С-тан -5…+3°С-қа дейін ауытқиды.

Елдің шығысында түнде ауа температурасы -2…-13°С-тан -10…-18°С-қа дейін, күндіз -6…+2°С-тан -2…-10°С-қа дейін болады.

Елдің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде ауа температурасы -2…-12°С-тан -5…+5°С-қа дейін, күндіз -3…+8°С-тан +5…+10°С-қа дейін, ал елдің қиыр оңтүстігінде +15°С-қа дейін жоғарылауы мүмкін.

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде солтүстік, солтүстік-батыс, шығыс және орталық өңірлерде суық ауа массаларының енуі кезінде түнгі ауа температурасының -25…-35°С-қа дейін, күндіз -15…-20°С-қа дейін төмендеуі болжанады. 

Қаңтардың ең жылы күндерінде ауа температурасы -5…+3°С-қа дейін көтеріледі.

Елдің батысында суық толқындары кезінде түнде ауа температурасы -20…-27°С-қа дейін, күндіз -12…-19°С-қа дейін төмендейді. Айдың жекелеген күндерінде күндізгі ауа температурасының 0…+5°С-қа дейін жоғарылауымен жылымықтар болуы мүмкін.

Елдің оңтүстік жартысында түнгі ауа температурасы 0…-5°С-тан -10…-20°С-қа дейін, күндіз +2…+12°С-тан -3…-13°С-қа дейін ауытқиды. Үшінші онкүндіктің жекелеген күндерінде түнде ауа температурасы -20…-30°С-қа дейін, күндіз -10…-18°С-қа дейін төмендеуі болжанады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары