Malim.kz
Қоғам

Қаңтар айының зейнетақысы желтоқсанда төлене ме? Министрлік мәлімдемесі

Арман Қайыпхан
Фото: pixabay.com

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі қаңтар айына арналған зейнетақылардың желтоқсанда мерзімінен бұрын төленетіні туралы Қазнетте тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Malim.kz.

«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде 2026 жылғы қаңтар айының зейнетақысы өсім ескеріліп, 2025 жылғы 30 желтоқсанға дейін мерзімінен бұрын төленеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Зейнетақы мен жәрдемақылар бекітілген кестеге сәйкес төленеді. Қаңтар айына арналған зейнетақы индексацияны ескере отырып, 2026 жылдың қаңтарында төленеді. Ал желтоқсан айының зейнетақысы толық көлемде аударылып болды», – деп мәлімдеді ведомство.

Министрлік азаматтарды осындай хабарламаларда қоса жүретін күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырды, себебі бұл жеке деректердің таралуына әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдау шаралары туралы ресми ақпарат тек 1414 нөмірінен жіберілетін SMS-хабарламалар арқылы және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында ғана жарияланатыны еске салынды.

«Азаматтарды тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырамыз. Жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз», – деп атап өтті министрлікте.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары