Malim.kz
Қоғам

Қарағандада Z белгісі бар жейде киген жолаушы қызу талқыға түсті

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Қарағандада №56 бағыттағы автобуста Z белгісі мен «Своих не бросаем» деген жазуы бар жейде киген ер адамның суреті әлеуметтік желілерде кеңінен тарады, деп хабарлайды Malim.kz «NewTimes.kz» сайтына сілтеме жасап.

Оқиға қазақстандық интернет қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды.

Threads желісіндегі қолданушының айтуынша, сурет «Арай» базары аялдамасы маңында түсірілген. Жазба авторы мұндай символиканы ашық түрде көрсетуге наразылық білдіріп, желі қолданушыларын бұл жағдайға бейжай қарамауға шақырған.

Пікір білдірушілердің бір бөлігі мұндай жағдайда бірден полицияға хабарласу қажет екенін айтса, енді бірі жарияланым авторын ер адаммен тікелей сөйлеспегені үшін сынады. Кейбір қолданушылар мұны жай ғана киім деп бағаласа, өзгелері мұндай әрекет қоғамда алаңдаушылық туғызатынын жеткізді.

Әзірге Қарағанды облысының полициясы бұл оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан билігі 9 мамыр мерекесі қарсаңында қоғамдық іс-шараларда даулы символиканы қолдануға қатысты түсініктеме берген болатын. Ресми мәліметке сәйкес, заңнамада кеңестік рәміздерге тікелей тыйым салынбаған.

Сонымен бірге кез келген жария әрекет қолданыстағы заң талаптарына сай болуы және зорлық-зомбылықты, экстремизмді немесе мемлекеттің аумақтық тұтастығына қол сұғуды насихаттамауы тиіс екені ескертілген.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары