Қарағанды облысының Бұқар-Жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Тілсіз жау үйдің шатырындағы ағаш қаңқалар мен жабындарды, терезе және есік блоктарын, сондай-ақ үй ішіндегі пайдаланылған заттар мен жиһазды шарпыған.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру бөлімшелері жедел жетті. Мамандар келген сәтте тұрғын үй мен оған жапсарлас салынған шаруашылық құрылыстың ашық жалынмен жанып жатқаны анықталып, өрттің жақын маңдағы үйлерге таралу қаупі болған.
Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі жедел әрекетінің нәтижесінде шаруашылық құрылысынан көлемі 27 литр болатын 2 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды. Бұл ықтимал жарылыстың алдын алып, өрттің көршілес үйлерге таралуына жол бермеді. Сонымен қатар қорадан 22 бас ірі қара мал қауіпсіз жерге көшірілді.
Өрт 70 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Үй иесі құтқарушыларға жедел әрекеті мен өрттің таралуына жол бермегені үшін алғысын білдірді.