Malim.kz
Қоғам

Қарағандыда 5 жылдан бері табылмай жүрген қылмыскер дәретханада жасырынған

Сабина Асқарқызы
Фото: Recraft.ai ЖИ көмегімен

Қарағанды облысында бес жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген аса қауіпті қылмысқа күдікті ер адам қолға түсті. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады, деп хабарлайды Malim.kz.

43 жастағы күдікті жедел-іздестіру шаралары барысында Қарағанды қаласындағы жекеменшік тұрғын үйлердің бірінен табылған. Тінту кезінде тәртіп сақшылары үй ішінен арнайы жасақталған жасырын орын анықтаған. Белгілі болғандай, күдікті дәретхана қабырғасынан жасалған жасырын қуыс ішінде бой тасалап жүрген.

Полиция мәліметінше, ер адам қала тұрғынын қорқытып, күш қолдану арқылы 117 миллион теңге бопсалаған деген күдікке ілінген. Осы қылмысқа байланысты ол бес жыл бойы халықаралық іздеуде болған.

«Күдікті ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарынан жасырынып, түрлі тәсілдерді қолданған. Арнайы операция барысында оның нақты орналасқан жері анықталып, ұсталды», – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция оқиғаның мән-жайын толық анықтау жұмыстарын жалғастыруда.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары