Malim.kz
Қоғам

Қарағандыда пәтер ұрлығымен айналысқан топ ұсталды

Арман Қайыпхан
Фото: polisia.kz

Қарағанды қаласында жасалған бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктілер елордада қолға түсті, деп хабарлайды Malim.kz.

Арнайы операцияны Қазыбек би атындағы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерімен бірлесіп жүргізген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 6 ақпанда Астана қаласындағы Москва көшесінде орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінде 30 жастағы ер адам ұсталды. Сол күні Төле би көшесінде оның сыбайласы болуы мүмкін тағы бір күдікті — 46 жастағы ер адам қолға түсті.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер ақпан айының басында Қарағанды қаласындағы Гудермецкая көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйге заңсыз кіріп, сегіз алтын бұйымды, шамамен 150 мың теңге көлеміндегі ақшаны және 200 АҚШ долларын жымқырған.

Тінту кезінде күдіктілерден алтын сақиналар, жалпы сомасы шамамен 400 мың теңге болатын қаражат, түрлі ұялы телефондар, сондай-ақ бүктелмелі пышақтар тәркіленді.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар күдіктілердің Қарағанды қаласында бұған дейін жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары