Қарағандыда полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі өрт шыққан пәтерден бес баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Еңбек демалысында жүрген Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Дінмұхамет Сұлтан сегізінші қабаттағы пәтерден қою түтін шығып жатқанын байқап, бірден көмекке ұмтылған.
Оған ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Асхат Маханбетжанов қосылған. Екеуі түтінге толған пәтерге кіріп, ішінде қалған бес баланы қауіпсіз жерге эвакуациялаған.
Балалардың туыстары келгенге дейін Асхат Маханбетжанов оларды өз үйіне кіргізіп, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Кейін Дінмұхамет Сұлтан қайтадан өртеніп жатқан пәтерге оралып, электр қуатын ажыратып, өрттің одан әрі таралуына жол бермеген. Сондай-ақ тұрғындардың көмегімен өрт сөндірушілер жеткенше жалынды ауыздықтауға қатысқан.
Оқиға салдарынан балалар зардап шеккен жоқ. Полицей мен Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында адам шығыны мен ірі өрттің алдын алу мүмкін болды. Құтқарылған балалардың көршілері олардың ерлігіне алғыс білдірді.