Malim.kz
MALIMet

Қаралы күнге 25 жыл: 11 қыркүйек құрбандары еске алынды

Алуа Әшірбекова
Фото: Quash.kz

2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған алапат террорлық шабуылға биыл 25 жыл толды. Сол күні төрт жолаушылар ұшағын лаңкестер басып алып, оның екеуі Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасына соғылды. Үшінші ұшақ Пентагон ғимаратына бағытталса, төртіншісі Пенсильвания штатында апатқа ұшырады. Қайғылы оқиғадан 2 977 адам қаза тапты. Олардың арасында Қазақстан азаматы Жанетта Цой да болған, деп хабарлайды Malim.kz. 

Бір сәтте өзгерген әлем

2001 жылғы 11 қыркүйектің таңы Нью-Йоркте әдеттегідей басталған еді. Мыңдаған адам кеңселеріне келіп, күнделікті жұмысына кіріскен.

Алайда жергілікті уақытпен сағат 08:46-да лаңкестер басып алған алғашқы жолаушылар ұшағы Дүниежүзілік сауда орталығының Солтүстік мұнарасына соғылды. Арада 17 минут өткенде екінші ұшақ Оңтүстік мұнараны нысанаға алды.

Сағат 09:59-да Оңтүстік мұнара, одан 29 минут өткен соң Солтүстік мұнара құлады. Ғимараттардың ішінде болған мыңдаған адамның көпшілігі сыртқа шығып үлгермеді.

Демалыстан ерте оралған Жанетта

Сол күні Нью-Йоркте Қазақстан азаматы Жанетта Цой да жұмысқа шыққан. Оның кеңсесі Дүниежүзілік сауда орталығындағы мұнаралардың бірінің 98-қабатында орналасқан.

33 жастағы Жанетта аудармашы болып жұмыс істеген. Оның әкесі Валерий Цойдың айтуынша, қызы АҚШ-та тұруға мүмкіндік беретін грин-картаны лотереядан ұтып алып, кейін беделді компанияға жұмысқа орналасқан.

Жанеттаның демалысы 17 қыркүйекке дейін жалғасуы тиіс еді. Алайда жұмыс орнына аудармашы қажет болғандықтан, оны 10 қыркүйектен бастап қызметіне қайта шақырған.

"Егер демалысын соңына дейін өткізгенде, бәлкім, аман қалар ма еді. Бірақ жұмысқа шақырды, ол барды. Не істейсің, тағдырдан қашып құтыла алмайсың. Мен сол кезде жұмыстан көлікпен үйге қайтып бара жатқанмын. Радионы қоссам, жарылыс туралы айтып жатыр екен", – деп еске алған Валерий Цой.

Кейін ата-анасы теледидардан ұшақтардың дәл қыздары жұмыс істейтін ғимараттарға соғылғанын білген.

"Бәлкім, жұмысқа бармаған шығар деп үміттендік. Өйткені демалысы 17 қыркүйекке дейін еді. Америкаға хабарласуға тырыстық, бірақ үш күн бойы байланыс болмады. Төртінші күні ғана Нью-Джерсидегі жалға алған пәтерінің иесімен сөйлестік. Ол: “Жанна жұмысқа кетті де, қайтып келген жоқ”, – деді", – деп айтқан әкесі.

Жанеттаның ата-анасы 17 қыркүйекте АҚШ-қа ұшып барып, Нью-Йорктегі ауруханалар мен әскери госпитальдарды аралаған. Олар қызы жарақат алып, аты-жөні анықталмаған науқастардың арасында болуы мүмкін деген үмітін үзбеген.

Тек желтоқсанда генетикалық сараптама нәтижесінде табылған мәйіттің Жанетта Цойға тиесілі екені расталған.

"Біздің қысқа қуанышымыз, мәңгілік қайғымыз"

Жанетта Цой АҚШ-та жерленген. Оның қабіріне ата-анасы, жұбайы мен қызы барып тұрады.

Құлпытасында:

"Біздің қысқа қуанышымыз, мәңгілік қайғымыз", – деген сөз жазылған.

11 қыркүйек құрбандарының арасында кеңсе қызметкерлері, ұшқыштар, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, балалар мен қарттар болды. Қаза тапқандар ондаған мемлекеттің азаматы еді.

Ресми деректер бойынша, шабуылдарды "Әл-Каида" террорлық ұйымымен байланысы бар 19 лаңкес ұйымдастырған. Ұйым Қазақстанда тыйым салынған.

Лаңкестер басып алған үшінші ұшақ сағат 09:37-де Вашингтон маңындағы Пентагон ғимаратына соғылды. Ал төртінші ұшақ жоспарланған нысанаға жетпеді. Борттағы жолаушылар Нью-Йорк пен Вашингтондағы шабуылдар туралы білген соң, ұшақты лаңкестерден қайтарып алуға әрекет жасаған. Нәтижесінде әуе кемесі Пенсильвания штатының Шанксвилл қаласы маңындағы алқапқа құлады. Ұшақтағы адамдардың барлығы қаза тапты.

Жалпы, 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылдардан 19 лаңкесті есептемегенде 2 977 адам көз жұмды.

11 қыркүйектен кейін әлем қалай өзгерді?

Бұл трагедиядан кейін әлемнің көптеген елінде қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Әуежайлардағы жолаушылар мен жүктерді тексеру тәртібі қатаңдап, авиациялық қауіпсіздікке қойылатын талаптар қайта қаралды.

Қаржы және банк жүйелерінде де бақылау күшейді. Әсіресе халықаралық ақша аударымдары мен күмәнді транзакцияларды тексеруге басымдық беріліп, терроризмді қаржыландыруға қарсы шаралар кеңейді.

Кейін пайда болған жаңа технологиялар мен қаржы құралдарына қатысты ережелерде де қауіпсіздік пен терроризмді қаржыландыруға жол бермеу мәселесі ескеріле бастады.

Арада ширек ғасыр өтсе де, 2001 жылғы 11 қыркүйек адамзат тарихындағы ең ауыр террорлық шабуылдардың бірі ретінде ұмытылған жоқ.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары