Malim.kz
Денсаулық

«Қарбыз жеуге асықпаған дұрыс»: Ауыл шаруашылығы вице-министрі сақ болуға шақырды

Айбын Атабай
Фото: lenta.ru

Қазақстанда қарбызды тұтынуға ең қолайлы әрі қауіпсіз кезең шілде айының соңы мен қыркүйек айы аралығы саналады. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде бақша дақылдары бірнеше тәсілмен өсіріледі. Олардың қатарында үлдір астында өсірілетін ерте өнімдер, орта және кеш пісетін қарбыздар, сондай-ақ шетелден импортталатын өнімдер бар.

Азат Сұлтанов табиғи жағдайда пісіп-жетілген қарбыздардың қауіпсіздігі жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, шілденің соңы мен қыркүйек аралығында жиналатын өнімдер әдетте өсу стимуляторлары мен химиялық тыңайтқыштарды көп қолданбай-ақ піседі.

«Ең қауіпсіз кезең – шілденің соңынан қыркүйекке дейін. Осы уақытта қарбыздар табиғи жолмен піседі. Сондықтан қазіргі кезде, әсіресе балаларға, қарбыз жеуге асықпаған дұрыс. Бұл – менің сарапшы ретіндегі пікірім», – деді вице-министр.

Сонымен қатар ол Қазақстанға сырттан жеткізілетін барлық жеміс-жидек пен көкөніс фитосанитарлық бақылаудан өтетінін айтты. Бұл тексерулер өнімнің зиянкестер мен өсімдік ауруларынан таза екенін анықтауға бағытталған.

Ал өнім құрамындағы нитраттар, пестицидтер және басқа да химиялық заттардың қалдық мөлшерін бақылау Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің құзыретіне кіреді.

Еске салсақ, бұған дейін еліміздің бірқатар өңірінде қант бағасы күрт қымбаттағанын жазған едік. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары